Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

13 қыркүйек 2007
Бүгін Душанбе қаласында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәжікстанға ресми сапарының негізгі іс-шаралары өтті.
big-таджикистан.jpg

 

Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмонның шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздері болып өтті.


Тараптар екі ел мүдделері тұрғысынан қазақстан-тәжік ынтымақтастығының қарышты дамуын қанағаттанарлықпен атап өтіп, екіжақты, сонымен қатар, көп салалы өзара әрекеттестіктің терең дамуына қызығушылықтарын білдірді.


- Біз Тәжікстанды Орталық Азия аймағындағы стратегиялық әріптесіміз деп санаймыз, - деп мәлімдеді Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстан басшысы екі мемлекет арасындағы 2006 жылдың тауар айналымының қорытындысы 200 миллион доллардан асып түскенін айтты.


Үстіміздегі жылдың басынан бері сауда-саттық көлемі өткен жылға қарағанда 57 пайызға өскен. Бұл тамаша көрсеткіш, бірақ екі елдің әлеуетіне сәйкес келмейді.


Сапар барысында қазақстан-тәжік ынтымақтастығының дамуына бағытталған құжаттарға қол қойылды. Оның ішінде Қазақстан мен Тәжікстан Президенттерінің бірлескен мәлімдемесі де бар. Сонымен бірге әуе байланысы, мәдениет және өнер саласындағы ынтымақтастық, техникалық және кәсіби білім беру саласындағы ынтымақтастық, агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық келісімдер мен инвестиция мен сауда саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық Меморандумына қол қойылды.


Тараптар жақын мерзімде бастапқы қоры 100 миллион долларды құрайтын қазақстан-тәжік инвестициялық қорын құру жөнінде уағадаласты. Қор Тәжікстан аумағында жүзеге асатын жобаларды қаржыландыратын болады. Бұл салада елімізде біршама тәжірибе жинақталған. «Қазақстанның инвестициялық қоры» Тәжікстанда кіші СЭС құрылысын салуға қатысу мәселесін қарастыруда, ал «Қазына» қоры Нурабад СЭС құрылысын қаржыландырмақ.


Баспасөз конференция барысында Қазақстан Президентінің Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының Жоғарғы мемлекетаралық кеңесі (ЖМАК) мен Сыртқы істер министрлері кеңесін құру жөнінде ұсыныс жасағаны белгілі болды. Аталмыш құрылым екіжақты ынтымақтастықтың қағидалы мәселелерін жоғары деңгейде үйлестіруге және тиімді шешуге, оның стратегиялық бағыттарын айқындауға мүмкіндік береді.


Мемлекет басшысы, сонымен қатар, Ортаазиялық экономикалық одағын құруды жеделдету осы аймақтың экономикалық жағдайының теңқұқылы және өзара тиімді әрекеттестігіне жәрдемдесетіндігін айтып өтті.


Келіссөздер барысында гуманитарлық-мәдени саладағы ынтымақтастықтың дамуына баса назар аударылып, тараптар 2008 жылы Тәжікстанда Қазақстан мәдениетінің күндерін өткізуге уағадаласты.


Қазақстан Тәжікстан тарапының өтініші бойынша мемлекеттік тапсырысқа Қазақстанның республикалық бюджеті есебінен 2008-2009 оқу жылына 100 студент қабылдауға келісті.

Тәжікстан өз тарапынан 1995 жылы тәжік-ауған шекарасын қорғауда қайтыс болған Қазақстан әскери қызметкерлеріне монумент тұрғызу жөніндегі Қазақстан тарапынының бастамасын қолдады. Монументті аяқтау жұмысы үстіміздегі жылдың күз айының соңына жоспарланған.


Нұрсұлтан Назарбаев екі мемлекет арасында қалыптасқан тату көршілік, өзара түсіністік және өзара тиімді ынтымақтастық қағидаларына негізделген достық қарым-қатынас алдағы уақытта да Қазақстан мен Тәжікстан халықтарының игілігі жолында дамып, нығая түседі деп мәлімдеді.


Осы күні Мемлекет басшысы қазақстан-тәжік бизнес форумына қатысып, сөз сөйледі.

Нұрсұлтан Назарбаев соңғы 8 жыл ішінде Қазақстан экономикасының жылдық орташа өсімі 10 пайызды құрап келгендігін айтып өтті. Қазақстан экономикасының дамуына тікелей тартылған шетел инвестициясы жәрдем көрсетті. Инвестицияның көлемі 1993 жылдан 2007 жылдың І тоқсаны аралығында 60 милииард долларды құрады, бұл Орталық Азия аумағына тартылған барлық шетел инвестициясының 80 пайызы.


Бүгінде Қазақстан Орталық Азия мен ТМД елдеріне инвестиция құятын аймақтағы ірі инвестор болып отыр.


Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстанның экономикалық және заңнамалық базасы жеке сектордың дамуына жақсы негіз бола алатынын атап өтті. Осыған орай Мемлекет басшысы екі елдің компаниялары мен банктерін бірлескен ірі жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Гидроэнергетика, сауда, құрылыс, көлік және коммуникация, тау-кен өндірісі мен аграрлық салада бірлескен жобаларды жүзеге асыруға нақты алғышарттар бар.


Қазақстан Орталық Азия аймағындағы барлық елдердің, Тәжікстанның да қарышты дамуына мүдделі және көрші елдерге инвестиция құю арқылы, бірлескен аймақтық жобаларды жүзеге асыру арқылы жәрдемдесуге дайын.


- Бүгінгі бизнес-форум инвестиция саласындағы бастамаларды жүзеге асыруға және бірлескен кәсіпорындар құруға бағытталған бірлескен табысты жұмыстың қайнарына айналады деп сенемін,- деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Сапар барысында Мемлекет басшысы Тәжікстанның Мемлекеттік ұлттық университетінде болды. Онда Елбасы университеттің оқытушылары, профессорларымен кездесті. Университетте Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан жолы» атты кітабының тәжік тіліндегі тұсаукесер рәсімі өтті.


Президент кітапты тәжік тіліне аударған және кітаптың жазылу үрдісі туралы баяндап берген А.Абдужаббаровқа алғыс білдірді. Кітапта Қазақстанның жаңа тарихының ең қиын да жарқын сәттері баяндалған. Әрбір тоғызыншы тарау тәуелсіз жас мемлекеттің қалыптасу кезеңдерін аша түскен. Атап айтқанда, Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиялық дамуы қолданыстағы Конституцияның қабылдану үрдісі, елорданың Астанаға көшірілу жұмыстары баяндалған.


Кездесу барысында оқу орнының ректоры Саид Мухаммед Нұрсұлтан Назарбаевқа Университеттің құрметті профессоры дипломын табыс етті.


Осы күні Нұрсұлтан Назарбаев Тәжікстанның мемлекеттігін құрудың бастауында тұрған Исмаил Сомонидің ескертікішіне гүл шоғын қою рәсіміне қатысты. Сонымен бірге Тәжікстан Республикасы Мәжілісінің төрағасы С.Хайруллоевпен кездесті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар