Жаңалықтар

4 желтоқсан 2008
Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматыдағы резиденциясында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшелерімен бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді.


Бұл кездесулер біздің шетелдік әріптестердің жаһандық экономикада қалыптасып отырған дағдарыстарға қарамастан, елімізде инвестициялық жобаларды одан әрі жүзеге асыруға дайын екендігін көрсетті.


Азия даму банкінің вице-президенті Шаою Жао АДБ өзінің мемлекеттік, сондай-ақ жеке бизнес-жобаларға қолдау көрсетіп отырған даму жөніндегі Қазақстанның байырғы әріптесі болып табылатынын мақтан ететінін атап өтті.


- Бүгінде бұл аймақ былтырғы жылмен салыстырғанда кез келген дағдарысқа жақсырақ дайындалған. Біздің барлығымыз оны еңсеріп шығатынымызға сенімдімін. Қазақстан Үкіметі дағдарысты игерудің тиянақты бағдарламасын әзірледі деп ойлаймын және АДБ осы бағдарламаға қатысатын болады, - деді Ш.Жао журналистерге арналған брифингте.


«Би Джи групп» компаниясының бас атқарушы директоры Фрэнк Чапмэн аталған компания Қарашығанақтағы өндірісті кеңейтуге қаржы бөлуді жалғастыра беруді жоспарлап отырғанын жеткізді.


- Біз Қазақстанда 18 жыл бойы жұмыс істеп келеміз. 1997 жылы біз әріптестерімізбен қазіргі кезде Қазақстанның аса ірі мұнай-газ кен орны болып табылатын Қарашығанақ кен орнын игеруге шамамен 5 миллиард доллар инвестиция салдық. Биылғы жылы игерген өнім тәулігіне 470 мың баррель мұнайға барабар рекордтық көрсеткішке жетті, - деп атап көрсетті Ф.Чапмэн.


«ЛУКОЙЛ» компаниясының президенті Вагит Алекперов Елбасымен геологиялық-бақылау жұмыстары мен оның көлемін ұлғайту жөніндегі перспективалық жоспарды талқылады, сондай-ақ компания Каспий теңізінде іске асырып жатқан екі ірі жобаның жүзеге асу барысы туралы баяндады.


- Тұтастай алғанда, мен Қазақстанда қалыптасқан инвестициялық жағдайды қаржы тарту үшін қолайлы деп бағалаймын, - деп мәлімдеді В.Алекперов.


«КонокоФиллипс» компаниясының басқарма төрағасы және бас атқарушы директоры Джим Малва Мемлекет басшысына компанияның мұнай-газ жобаларын одан әрі жүзеге асыру жөніндегі жоспарлары жайында әңгімеледі, сондай-ақ технологияларды трансферттеу мәселесін талқылады.


- Қашаған жобасы бойынша ортақ мәмілеге келгенімізге қуаныштымын. Әлемде болып жатқан үдерістерге қарамастан, мен осы жобаға қатысып отырғанымыз үшін ризашылығымды білдірдім, - деп атап өтті Д.Малва.


Лакшми Миттал Мемлекет басшысына «Арселор Миттал» компаниясының Қазақстандағы одан арғы жоспарлары жөнінде баяндады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар