Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

27 қыркүйек 2007
Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Бразилияға мемлекеттік сапары аясындағы негізгі іс-шаралар өтті.

Бразилия Президентінің «Планальто» сарайындағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Л.И.Лула да Силва шағын құрамдағы келіссөздер жүргізді.


Сондай-ақ екі ел делегацияларының кеңейтілген құрамдағы келіссөздерінен кейін бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды.


Атап айтқанда, тараптар Қазақстан Республикасы мен Бразилия Федеративтік Республикасы арасындағы өзара ықпалдастық қағидаттары туралы декларацияға, сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы, дипломатиялық және қызметтік паспорт иелерін визалық талаптардан босату туралы үкіметаралық келісімдерге, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Сыртқы істер министрлігі арасындағы саяси консультациялар туралы хаттамаға, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Бразилия Федеративтік Республикасының Үкіметі арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы техникалық ынтымақтастық жөніндегі ниеттестік туралы хаттамаға қол қойды.


Қазақстан басшысының құрметіне Бразилия Президентінің атынан берілген ресми қонақасыда екі мемлекеттің басшылары сөз сөйледі.


- Біз қашықтықты қысқартып, ынтымақтастығымыздың үлкен әлеуетке ие бағыттарын анықтаудамыз. Сіздің сапарыңыз елдерімізді орнықты дамыту тұрғысынан Бразилия мен Қазақстанның табысты ықпалдастық етуі үшін тамаша мүмкіндіктер туғызады, - деді Л.И.Лула да Силва Мемлекет басшысына арнаған сөзінде. Сондай-ақ ол өз сөзінде еліміздегі зор экономикалық әлеуетті, ядролық қарудан бас тартудың өзі жарқын айғақ болып табылатын бейбітсүйгіш сыртқы саясатымызды және Қазақстанның халықаралық аренадағы жоғары беделін атап өтті.


- Осыдан бірнеше күн бұрын біз Қазақстан Президентімен БҰҰ Бас ассамблеясы 62-ші сессиясының пікірсайысына қатыстық. Халықаралық қоғамдастық Қазақстан Президентінің сөйлеген сөзі мен көтерген бастамаларына аса назар салып, зор құрметпен қабылдады, - деп атап өтті Бразилия Президенті.


Л.И.Лула да Силва Қазақстанмен ынтымақтастықтың басымдықтары туралы мәлімдеді.

- Қазақстан – бұл Орталық Азияның жүрегі. Бұл осы өңірдегі Бразилия өз елшілігін ашқан алғашқы ел. Өз кезегімізде, біз Қазақстан Президенті өзінің Латын Америкасына бірінші сапарын Бразилияға жасағанын жоғары бағалаймыз, - деді Л.И.Лула да Силва.


Қазақстан басшысы өз сөзінде жүргізілген келіссөздердің өте жемісті болғанын және өзара түсіністіктің биік деңгейін, сондай-ақ екі ел арасындағы өңірлік және жаһандық саясаттың көптеген өзекті мәселелері бойынша ұстаным жақындығын көрсеткенін атап өтті.


- Миллиондаған қазақстандықтар үшін Бразилия – бұл әлемге ұшақты ойлап тапқан Сантус Думонды, ең әйгілі футболист Пелені, «Формула-1» автожарысының ең талантты автошабандозы Айртон Сеннаны, өзінің бірегей ғажайып шығармашылығымен танымал сәулетші Оскар Нимайерді, ойшыл жазушы Жоржи Амадуды, ең сезімтал теленовелаллар мен тартымды музыканы тарту еткен ел.


Тағлымды тарих, бай мәдениет және болашаққа дген құлшыныс – біз бүгінгі Бразилияны нақ осы кейпінде көрдік. Ол осы қалпымен таң қалдырады. Орасан зор ара-қашықтықтарға қарамастан, біздің елдерімізді ортақтастыратын жәйттер көп. Олар этностық және мәдени сан алуандық, табысты жүргізілген экономикалық және саяси жаңарулар, жаңа елорданы салу тәжірибесі және сондай-ақ толеранттық, қонақжайлық, әлеуметтік оптимизм сияқты ұлттың айрықша қасиеттері, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Қазақстан Президенті екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастардың, атап айтқанда ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және коммуникациялар салаласындағы ынтымақтастықтың зор келешегін атап өтті.


Нұрсұлтан Назарбаев Бразилия Президентін Қазақстанға сапармен келуге шақырды.


Қонақасының соңында Бразилия Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа аты аңызға айналған Пеленің қолтаңбасы бар футбол добы мен жейдені сыйға тартты.


Түстен кейін Қазақстан Президенті Ұлттық конгресс Сенатының төрағасы Р.Калейроспен және Ұлттық конгресс депутаттары палатасының төрағасы А.Чинаглиамен, Жоғарғы Сот төрағасы Э.Нортфлитпен кездесіп, Президент Ж.Кубичектің мұражай кешенін аралап көрді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар