Жаңалықтар

18 тамыз 2011
Бүгін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуімен Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның мәжілісі болып өтті.

Қ. Саудабаев отырысты аша отыра: «Бүгінгі күні Президенттік «Болашақ» білім беру бағдарламасы түлектерін жұмысқа орналастыру және олардың әлеуетін тиімді пайдалану қоғамның жіті назарында. Шетелдерден қайтып оралған стипендиаттардың елге қосатын үлесі шыққан шығындардың орнын толтырып, үміттерімізді ақтауы тиіс. Сондықтан біз әрбір үміткердің шетелдің жетекші жоғары оқу орындарында оқуының әлеуетті мүмкіндігін аса тиянақтылықпен зерделеуіміз керек. Іріктеу әділ әрі қатаң түрде өтуі тиіс. Бізге сапа керек. Президенттік «Болашақ» бағдарламасы маңызды міндеттерді орындады, атап айтқанда, егемен Қазақстан үшін қажетті халықаралық деңгейдегі мамандардың алғашқы буынын дайындады. Мемлекет басшысының отандық білім сапасы мен деңгейін арттыру бойынша көрегендік саясатының, әсіресе «Назарбаев университетін» ашуының арқасында «Болашақ» бағдарламасы шетелде бакалаврларды даярлауды аяқтады және магистрлер мен PhD докторларын мақсатты даярлауға ден қойды» - деді.

2011 жылғы 4 шілде мен 5 тамыз аралығында өткен конкурстық іріктеудің қорытындысы бойынша «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін Республикалық комиссияның қарауына 577 үміткердің өтініші енгізілген болатын.

Көптеген үміткер «Қаржы», «Құқық», «Экономика», «Мұнайгаз ісі», «Ақпараттық технологиялар мен жүйелер; байланыс желілері және коммуникация жүйелері; көп каналды телекоммуникациялық жүйелер; радио байланыс, радио хабарламалар және телевидение», «Телекоммуникация», «Технологиялар менеджменті», «Туризм саласындағы менеджмент, қонақ үй менеджменті», «Энергетика» сияқты мамандықтарды таңдап отыр.

Отырыс қорытындысында Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия отырысының хаттамалық шешімі қабылданды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар