Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

23 мамыр 2012
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Түркия Республикасының Премьер-Министрі Режеп Ердоғанмен кездесті.

Ақордада өткен кездесудің ресми рәсімінен кейін шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізілді. Тараптар саяси, сауда-экономмкалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселесін талқылады. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті мен Түркия Премьер-Министрі Таяу Шығыс елдеріндегі жағдай, Ауғанстанды қалпына келтіруге көмектесу, Қазақстанның ИЫҰ-ға төрағалығы және Түркияның АӨСШК-ға төрағалығы тәрізді халықаралық және аймақтық сипаттағы өзекті тақырыптар жөнінде пікір алмасты.

Сауда-экономикалық салада өзара сауда деңгейін арттыру, инвестиция тарту, көлікті дамыту мәселелері, атап айтқанда, Қазақстан-Түркменстан-Иран теміржолын Түркияның теміржол жүйесімен біріктіру перспективасы қаралды.  Сондай-ақ Түркия капиталының қатысуымен Қазақстанда бірлескен өнеркәсіп аймағын құру аясындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар құжаттарға қол қойылды. Олардың бірі – Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы жоғары деңгейдегі  стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру туралы бірлескен мәлімдеме. Құжатта екі елдің жоғары саяси басшылық деңгейінде мемлекетаралық механизмдер құру декларацияланған. Кеңес Қазақстан мен Түркия арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың ықпалды құралына айналады және барлық саладағы іс-қимылдың екіжақты және көптарапты қарым-қатынастарын дамыту стратегиясын анықтайтын болады.

Бұдан бөлек, тараптар Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламасына қол қойды. Құжат мемлекеттердің сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы ынтымақтастығын аталған өзара іс-қимылға жаңа бағдарламалық мәртебе беру есебінен жаңа деңгейге шығаруға арналған.

Келіссөздердің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Президенті мен Түркия Республикасының Премьер-Министрі отандық және шетелдік журналистер қатысуымен брифинг өткізді. Мемлекет басшысы Қазақстан-Түркия қарым-қатынастары барлық деңгейдегі байланыстардың жоғары қарқынымен сипатталатынын, оған Режеп Ердоғанмен бүгінгі кездесу дәлел болып табылатынын атап өтті.

- Бұл кездейсоқ емес. Себебі, Қазақстан-Түркия қарым-қатынастарының даму динамикасы тәрізді, біздің халықтарымыздың тарихы мен мәдениетінің тамырының ортақ болуы біздің мемлекеттеріміз арасындағы ұзақ жылдық стратегиялық серіктестіктің орныққаны туралы айтуымызға мүмкндік береді. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін ресми түрде тұңғыш таныған мемлекет Түркия екенін біз әрдайым есте сақтаймыз. Соңғы жылдары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы біздің екіжақты ынтымақтастығымыз динамикалық дамуда. Мысалы, сауда айналымы өткен жылдың қорытындысы бойынша 3.3 миллиард АҚШ долларын құрады. Қазақстан мен Түркияның өзара іс-қимылы көптарапты форматта – БҰҰ, ИЫҰ, АӨСШК, түркітілдес мемлекет басшылары саммиттері және өзге форматтар мен ұйымдар аясында табысты алға жылжуда. Бүгін біз мемлекеттеріміздің одан әрі жан-жақты дамуына және ынтымақтастықты тереңдетуге берік ниеті барын тағы да қуаттап отырмыз. Түркия Премьер-Министрінің сапары және оның Астана экономикалық форумына қатысуы іс-шараның мәртебесін анағұрлым жоғары деңгейге көтерді. Жүргізілген бүгінгі келіссөздер барысында біз екі ел арасындағы ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселесін талқыладық, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Режеп Ердоған Қазақстан Президентіне жылы шырайлы қабылдауы үшін ризашылығын білдірді және екі ел арасындағы қарым-қатынастардың даму динамикасының жоғары екенін атап өтті.

- Біз әріптестігімізді жаңа деңгейге алып шығу үшін барлық күшімізді салудамыз. Бүгін біз Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру туралы бірлескен мәлімдемеге қол қойдық. Жаңа Кеңестің отырысын биыл қазан айында Түркияда өткізу жоспарлануда. Сонымен қатар, бүгін «Жаңа Синергия» бірлескен экономикалық бағдарламаға қол қойылды. Ол бағдарлама біздің қарым-қатынастарымыздың дамуының жаңа «жол картасы» болады деп үміттенеміз. Бұл екі құжат біздің екіжақты ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге алып шығады. Қазақстан соңғы жиырма жылда зор табыстарға жетті. Мен бұдан 7 жыл бұрын келгенімде, Астана мен Алматы басқаша қалалар болатын. Бүгін бұл қалаларды тани алмайсың. Бұл қалалар екпіндеп дамуда, жаңа ғимараттар мен кешендер салынуда. Жиырма жылда біздің елдеріміз арасындағы дипломатиялық қатынастар, біздің ынтымақтастығымыз стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілді, - деді Режеп Ердоған.

Жалпы, Премьер-Министр Режеп Ердоғанның Қазақстан Республикасына сапары екі ел арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың жаңа перспективалық формасын айқындауға арналған.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар