Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

29 мамыр 2012
Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар екіжақты өзара қарым-қатынастардың ауқымды спектрін, сондай-ақ аймақтық ынтымақтастықтың өзекті тақырыбын талқылады.

- Құрметті Дмитрий Анатольевич, өз атымнан, өз халқымның атынан Сіздің Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы ретінде Қазақстанға алғашқы сапармен келгеніңізге шын жүректен қуаныштымын. Бұл Сіздің екіжақты кездесу аясындағы алғашқы шетелдік сапарыңыз және біз оны өте жоғары бағалаймыз әрі Сізге ризашылығымды білдіремін. Ресей мен Қазақстан ТМД мен  бүкіл әлемге көршілер арасындағы қарым-қатынастар қандай болуы керектігін көрсетіп отыр. Біз 20 жыл ішінде абсолютті тең құқылы, тату көршілестік және одақтастық өзара қарым-қатынастарды орнаттық. Мен Сіздің президенттігіңіз кезінде біз өте маңызды тарихи мәселелерді шешкенімізді айтуға тиіспін. Бірыңғай кедендік тарифті қабылдадық, Кеден одағын, Бірыңғай экономикалық кеңістікті құрдық, өзге де қажетті шешімдер мен құжаттарды қабылдадық. Аймақтық кездесулерде біз нақты мәселені шештік. Мен Сіздің мол тәжірибеңіз бен біліміңіз осы маңызды лауазымда – Үкімет басшысы ретінде өте тиімді жұмыс істеуге және біздің елдеріміз арасындағы дәстүрлі тату қарым-қатынастардың дамуын жалғастыруға мүмкіндік беретініне сенемін. Мен сондай-ақ Сізді «Единая Россия» партиясының төрағасы қызметіне сайлануыңызбен құттықтаймын. Сізге зор денсаулық және табыстар тілеймін, - деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

- Жақсы дәстүрді бұзуға болмайды деп санаймын. Мен Ресей Президенті болып сайланғаннан кейін Қазақстанға келдім. Енді, міне, өте достас және көршілес елге Ресей Үкіметінің Төрағасы ретіндегі бұл менің алғашқы сапарым. Біз Қазақстанмен тату қарым-қатынастамыз, сондай-ақ ерекше стратегиялық серіктеспіз. Мен бұдан соңғы жылдары Сізбен бірге жүргізген өзгерістердің нышанын көремін. Біз екіжақты ынтымақтастықты елеулі түрде алға жылжыттық және өте қуатты ықпалдастық бірлестік құрдық деп есептеймін. Мәселен, Сіздің 90-жылдары белсенді түрде айтқандарыңыз, ең соңында, іске асты және біздің де Сізбен бірге осыған қатысымыз болғанына мен қуаныштымын. Мен біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың дамуына, қуатты да мықты болуына және екі елдің экономикасының даму факторы болуына, сондай-ақ Орталық Азиядағы жалпы ахуалдың жақсартуына мүмкіндік туғызу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын, - деп атап өтті Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы.

Екіжақты ынтымақтастықтың маңызды акпектісі сауда-экономикалық байланыстар болып табылады. Ресей – Қазақстанның ірі сауда серіктесі. Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 2011 жылдың қорытындысы бойынша 23,9 миллиард долларды құрады. Қазақстаннан экспорт 7,7 миллиард долларды, ал Қазақстанға импорт – 16,2 миллиард долларды құрады. 2012 жылдың 1-тоқсанында тауар айналымы 5 миллиард долларды құрап, 2011 жылдың осы кезеңінен 1,3 пайызға өсті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар