Жаңалықтар

3 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «KADEX-2012» екінші халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесіне қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев көрмедегі экспозициямен танысып шығып, Қазақстан Қарулы Күштері әскери бөлімшелерінің көрсетілімін тамашалады.

Мемлекет басшысы бұл іс-шара түрлі елдердің әскери өнім өндірушілері мен тұтынушылары үшін өзара тиімді тәжірибе алаңына айналғанын атап өтті.

Биыл әлемнің 20-дан астам елінен 250-ден аса компания көрмеге қатысуға тапсырыс берді. Өздерін тек қазақстандық нарықта ғана емес, сондай-ақ шетел нарығында да табысты көрсете алған отандық кәсіпорындар көрмеде өнімдерінің кең спектрін ұсынды. Сонымен қатар, Германия, Ресей, Канада, Польша, АҚШ, Украина, Беларусь, Италия, Испания, Франция, Түркия және басқа мемлекеттерден келген кәсіпорындар көрмеге қатысуда.

Көрмені «Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасы», «Арнайы мақсаттағы құралдар мен мүліктер»,  «ІТ-технологиялар, байланыс жүйесі мен құралдары», «Әскерлерді тылдық және техникалық қамтамасыз ету», «Авиация және авиациялық қару-жарақ» сынды басты бөлімдер құраған. Көрменің ашық алаңында Т-72 және Т-72Б танкілері, БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машинасы, «Кобра», «Тигр», «Хаммер» дөңгелекті жауынгерлік машиналары және «КамАЗ» модификациясының түрлі автокөліктері орналастырылған. Авиациялық техника ішінен Су-27УБМ, МиГ-31 ұшақтары, Ми-17В5, ЕС-145, Ми-26 тікұшақтары, С-300 зенитті-зымыранды кешені және басқа техника экспозицияға шығарылған.

Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің жауынгерлік авиациясының ұшқыштар тобы Л-39, МиГ-29, Су-27 ұшақтарымен ұшу-қойылымын көрсетті.

Нұрсұлтан Назарбаев «KADEX-2012» көрмесінің табысты өткізілуі біздің армиямыздың әскери-техникалық арсеналын үздік халықаралық тәжірибеге сәйкестендіруге мүмкіндік туғызатынына назар аударды. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға мүмкіндік береді және Қазақстанның аймақтағы сенімді геосаяси әріптес және көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтуға көмектеседі. Қазақстанның әскери қауіпсіздігі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен тату көршілестік қатынастар, олардың теңдігі мен бір-бірінің ішкі істеріне араласпау саясатына негізделген. Біздің еліміз халықаралық даулардың бейбіт жолмен шешілуінің, аймақтық әскери ынтымақтастықтың сенім мен өзара түсіністік негізінде нығаюының әрдайым жақтаушысы болды және бола береді.

Қазақстанның Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков көрмеге қатысушылар мен қонақтар алдында сөйлеген сөзінде «KADEX-2012» көрмесі қарулы күштер мен қорғаныс өнеркәсібі саласындағы кәсіпорындардың өзара іс-қимылын жандандырып, жаңа іскерлік әріптестікті құру және қызмет саласы мен ынтымақтастықты кеңейту үшін тұғырнама болатынына сенім білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар