Жаңалықтар

20 қыркүйек 2007
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада бірқатар жұмыс бабындағы кездесулер өткізді.

Президент Парламент палаталарының басшылары – Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты және Мәжіліс төрағасы Аслан Мусинді қабылдады. Кездесу барысында заң шығарушылық жұмыстың басым бағыттары талқыланды.


Мемлекет басшысы Парламенттің жаңа құрамы елдің жедел жаңаруына, экономиканы инновациялық дамытуға, бұқара халықтың мүддесі тұрғысынан реформалардың әлеуметтік сипатын күшейтуге бағытталған заң жобаларын әзірлеп, қабылдауды қамтамасыз ете алатынына сенім білдірді.


Сол күні Президент Премьер-Министрдің орынбасары Өмірзақ Шүкеевті қабылдады. Вице-Премьер Мемлекет басшысын өткен сейсенбі күні еліміздегі жылжымайтын нарықтың жай-күйі талқыланған Үкімет отырысы туралы хабардар етті.


Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке салынып бітпеген ғимараттарда үлестік қатысушылардың қаражатын ұстап қалатын «сақалды» құрылыстарға жол бермеу үшін ахуалды мұқият тексеруді және қолда бар барлық тетіктерді іске қосуды тапсырды.


Өмірзақ Шүкеев сондай-ақ Президентке әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құру және олардың қызметін қамтамасыз ету процесі жөнінде баяндап берді. Қазақстанда барлығы бес ӘКК болмақ, олар бүгінде өз қызметін бастауға қажетті қаржылық ресурстармен қамтамасыз етілген.


Үкімет жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға қажетті активтерді, оның ішінде еркін экономикалық аймақтарды, «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып отырған индустриялық парктер мен озық жобаларды тапсыруы тиіс деп есептейді.


- Президент ӘКК құру процессін жеке бақылауына алуға ниет білдірді және Үкіметке олардың басшыларының Мемлекет басшысына әр тоқсан сайын есеп беруін қамтамасыз етуді тапсырды, - деді Өмірзақ Шүкеев журналистерге арналған брифингте.


Бүгін Мемлекет басшысы сондай-ақ Қорғаныс министрі Даниал Ахметовты қабылдады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар