Жаңалықтар

3 қыркүйек 2007
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астана қаласындағы №50 мектеп-гимназиясында қазақстандық мектеп оқушыларымен интерактивті сабақ өткізді.
big-licei.jpg

Интерактивті сабақ бейнеконференция режимінде республиканың 1000 мектебінде, сонымен қатар тікелей эфир арқылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасында көрсетілді. Интерактивті сабақтың тақырыбы: «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан».

Нұрсұлтан Назарбаев барлық қазақстандық мектеп оқушыларын білім күнімен құттықтап, оларға табысты білім алып, ел игілігі жолында биік мақсаттарға жете берулеріне тілектестігін білдірді.


Президент оқушыларға ел тарихы мен Қазақстанның егемендік жылдарындағы жетістіктері және еліміздің әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің санатына кіру мақсатымызға сай жаңа міндеттері жөнінде әңгімелеп берді.


Мемлекет басшысы сапалы білім алу мен инновациялық экономиканың дамуы жағдайындағы өз білімін ұдайы жетілдіріп тұрудың маңыздылығын баса атап өтті.

- Жаңа заманның даму қарқынының жылдамдығы соншалық, кейде біліміміз жетіспей жатады. Сондықтан осы қарқынға, жаңа заман талабына сай болу үшін өмір бойы оқып-үйренуге тура келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.


Президент білім беру үрдісінде ақпараттық технологияларды белсенді енгізу мен білім беру инфрақұрылымын дамыту қажеттігін атап өтті.

- Бүгінгі оқу үрдісінде ақпараттық технологиялар белсенді қолданылып жүр. Еліміздегі мектептердің 97 пайызы Интернет желісіне қосылған. Мыңнан астам мектептерде мемлекет есебінен интерактивті тақталар орнатылды.

Алдағы үш жылда республикамыз бойынша 229 мектеп салынатын болады, ал биылғы жылы соның 65-ін салуды жоспарлап отырмыз. Елімізде үш ауысымда білім беру толығымен жойылады, - деді Мемлекет басшысы.


Президент жаңа заманның басты талабының бірі ретінде қазақстандық жас ұрпақтың үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық оқушыларды өз Отанының патриоты болуға және олардың жан-жақты дамуға ұмтылуға шақырды.


- Адам өмірінің шегі барлығы анық, ал білім – шексіз. Сендер бар жақсыны бойларыңа сіңіріп, білімді, салауатты, парасатты адам болуларың қажет. Және өзімшілдіктен аулақ болыңдар. Сонда сендер табысқа жетесіңдер, - деді Президент.


Мемлекет басшысы еліміздің әр аймағындағы оқушылар қойған сұрақтарға жауап берді.

Интерактивті сабаққа қатысқан 1000 мектеп интерактивті тақта және басқа да құрал-жабдықтармен жабдықталды. Оқу-тәрбиелеу үрдісінде бұдан ары да белсенді пайдалануы үшін бұл мектептерге интерактивті тақтаға арналған компьютер, веб-камера, микрофондар, ADSL-модемдері орнатылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар