Жаңалықтар

12 сәуір 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев астаналық әкімдікте болып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, депутаттардың қарауына Астана қаласының әкімі қызметіне И.Тасмағамбетовтің кандидатурасы енгізілген қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясының жұмысына қатысты.
01

Депутаттар Мемлекет басшысының ұсынысын бірауыздан қолдады.

- Иманғали Тасмағамбетовтің басшылық қызметте мол тәжірибесі бар. Премьер-Министр, Мемлекеттік хатшы, Президент аппаратының басшысы болып тағайындалды, Атырау облысында, Алматы қаласында әкім болып еңбек етті, енді қазір осында қызмет атқаруда. Мен оған сенемін, ол мен үшін ерекше мәнге ие қалада, біздің басты қаламызда үлкен іс жасап жатыр деп есептеймін, - деді Президент.

Мемлекет басшысы өткен президенттік сайлауда зор сенім білдірген астаналықтарға ризашылығын білдірді.

- Еліміз бойынша орташа есеппен алып қарағанда, сайлауға қатысқандардың арасынан астаналықтардың 95 пайызы маған дауыс берді – бұл осы қала құрылысы, оны көркейту үшін істеген ісімізге берілген үздік баға. Ең бастысы, сайлаудың қорытындылары бүкіл әлемге Қазақстан халқының бірлігін, біздің бағытымыздың дұрыстығын көрсетті. Қазақстан халқы бізге сенеді, және біздің келешек үмітіміз біз бірге атқаратын істерге байланысты. Осындай жоғары деңгейдегі қолдау біздің Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы жылында көрсетілді, бұл көп жәйтті аңғартады. Біз қазір жалпы еліміз бойынша және Астана көлемінде алдымызға қойған міндеттерді табысты орындаудамыз. Қазақстан бірқатар көрсеткіштер бойынша бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына еніп отыр. Десек те, өте көп жұмыс күтіп тұр. Және де еліміз бойынша жағымды өзгерістерді, еш әсірелемей айтсақ, біздің астанамыздың қарқынды дамуымен тікелей байланысты деуге болады. Астана бүгінде – Қазақстанның табысы мен жеңісіңің рәмізі, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

- Маған көрсеткен және көрсетіп келе жатқан зор сеніміңіз үшін Сізге тағы да шын жүрегіммен алғыс айтуыма рұқсат етіңіз. Астана – бұл, бәрінен бұрын, үдемелі дамып отырған қаланың рәмізі, бұл біздің еліміздің әл-ауқатының рәмізі және астанаға деген Сіздің көңіліңіз ерекше, қарым-қатынасыңыз ерекше екені шүбәсіз, біз ерекше қамқорлықтамыз. Осының бәрі біздің бәріміз үшін зор жауапкершілік жүктейтіні сөзсіз, және мен біз өзімізде бар барлық тәжірибеміз бен білімімізді Сіз алға қойған биік міндеттерді орындау үшін жұмсайтынымызға Сізді сендіргім келеді, - деді И.Тасмағамбетов.

Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында Мемлекет басшысы Астана әкімдігінің ұжымы алдына бірқатар нақты міндеттер қойды. Бірінші кезекте, қалада инвесторлармен белсенді жұмыстар жүргізу керек, сондай-ақ индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының барлық жоспарын орындауды қамтамасыз ету қажет. Астаналықтарды жұмыспен қамтуға ерекше назар аудару керек.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша жылдың аяғына дейін өткен жылғы Мемлекеттік бағдарлама бойынша барлық тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталатын болады, сондай-ақ үлескерлік құрылыстың 25 нысаны, әлеуметтік нысандарды салу кестесі қатаң бақылауға алынады. Сонымен қатар, Астанада алғашқы медициналық көмек саласындағы жұмыстар жақсаратын болады, сондай-ақ жақын орналасқан облыстармен бірлесіп астананың азық-түлік белдеуі бағдарламасын іске асыру жалғасын табады.

- Қаланың басшылығына, әкім Иманғали Тасмағамбетовке, және сіздердің барлығыңызға олармен бір команда болып біздің астанамызды көркейтуде, салуда, оны заманауи әсем қалаға айналдыруда үлкен нәтижелерге қол жеткізулеріңізді тілегім келеді. Сіздер әрдайым осы міндетті орындап келдіңіздер, алдағы уақытта да солай боларына сенемін, сіздерге мықты денсаулық және зор табыс тілеймін, - деді Мемлекет басшысы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар