Жаңалықтар

15 сәуір 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Cенатының отырысына қатысып, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы қызметіне кандидатты Парламенттің жоғары палатасы депутаттарының қарауына ұсынды.

01

02

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты  Парламент Сенатының Төрағасы қызметінен босату туралы мәселені қарауға енгізді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа табысты жұмысы үшін алғыс айтты және  БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры қызметіне тағайындалуымен құттықтады.

- Бүгін біз маңызды кадрлық шешім қабылдау үшін жиналып отырмыз. Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылғы 12 наурызда БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун телефон арқылы хабарласып, менің ұсынысымды қабылдағанын және Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысының орынбасары - БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің Бас директоры қызметіне тағайындау туралы шешімін жария етті. Ол сондай-ақ қарусыздану жөніндегі Женева конференцияның Бас хатшысы ретінде қызмет атқаратын болады. Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-дағы осы жауапты жоғары лауазымдағы Азия елдерінің тұңғыш өкілі болып отыр. Бұл оның жеке өзі үшін ғана емес, сондай-ақ барлық қазақстандықтар үшін үлкен құрмет әрі үлкен сенім. Ол бұл маңызды міндетті табысты атқарып, осы халықаралық ұйымда біздің еліміздің абыройын арттыра түсетініне сенемін. Дипломатиялық басшылық жұмыстарда оның мол тәжірибесі бар. Менімен бірге 20 жылға жуық еңбек етіп келеді. Сенатты 2007 жылдан бері басқарып келді. Бұл қызметте ол өзінің қабілет-қарымын толық көрсетті. Парламент өнімді жұмыс істеуде. Өткен жылдың қорытындысы бойынша 155 заң қабылданған. Ол мен жүргізіп отырған реформа жолын берік ұстанды. Осының бәрі құжаттарды жедел қабылдауға, мәселен, үдемелі индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасын алға жылжытуға, Ресей, Беларусь және Қазақстанның Кеден одағын құруына мүмкіндіктер берді. Бүгін мен осындай орасан еңбегі үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына шын жүректен алғысымды айтамын. Менімен бірге болған жылдар ішінде ол мен қалыптастырған Қазақстанның сыртқы саясатын жүзеге асырды. Осы жылдар ішінде біз атқарған істердің бәрін ол, Сыртқы істер министрлігін басқара жүріп, кәсіби тұрғыда және жауапкершілікпен орындады, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Сенат басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қасым-Жомарт Кемелұлын Сенат Төрағасы қызметінен босату туралы қаулы қабылдады.

Қайрат Әбдіразақұлы Мәмиді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты етіп тағайындау туралы Президенттің Жарлығына сәйкес, Орталық сайлау комиссиясы Қайрат Мәмиді депутат ретінде тіркеді. Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов жаңадан тағайындалған депутатқа төсбелгі және депутаты куәлігін табыс етті.

- Қасым-Жомарт Тоқаевтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты біз қазір Парламент Сенатының жаңа Төрағасы туралы мәселені шешуіміз керек. Қазақстан Республикасы Конституциясының 58-бабының, 1-тармағына сәйкес Сенат Төрағасының қызметіне Қайрат Әбдіразақұлы Мәмидің кандидатурасын ұсынамын. Ол бұған дейінгі қызметтерде өзін жақсы жағынан көрсетті және өзіне жүктелген барлық міндеттерді жоғары деңгейде атқарды. 1982 жылдан сот төрелігі жүйесінде қызмет етті. Гурьев облыстық сотының судьясы, төрағасының орынбасары, төрағасы болып қызмет атқарды. Осы облыста сегіз жыл бойы еңбек етті. 1993 жылдан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының мүшесі. Одан кейін Алматы қалалық сотының төрағасы, ҚР Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы, Әділет вице-министрі, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметтерін атқарды. Ол тоғыз жыл бойы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соттың Төрағасы болды. Қазір Бас Прокурор қызметінде. Ол бұған дейін мен тағайындаған барлық жерлерде өз қызметін адал әрі әділ атқарды, өзінің кәсібилігін танытты. Сот корпусы алдында да, сондай-ақ құқық қорғау органдары алдындағы да оның беделі жоғары. Сондықтан мен Қайрат Әбдіразақұлы Мәми Сенат жұмысын тиімді қамтамасыз етеді және осы лауазымға лайық деп есептеймін, - деді Президент депутаттар алдында сөйлеген сөзінде.

Сенаторлар жасырын дауыс беру арқылы Парламенттің жоғары палатасының Төрағасы қызметіне Қайрат Әбдіразақұлы Мәмидің кандидатурасын бірауыздан сайлайды.

- Мен сіздердің жоғары сенімдеріңізді ақтау үшін және еліміздің заң шығару органының сапалы жұмысын қамтамасыз ету үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын, - деді Қ.Мәми.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 1-тармағына сәйкес Мемлекет басшысы Сенат депутаттарының қарауына Мұсабек Әлімбековты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы қызметінен босату туралы мәселені енгізді.

Сенат Мұсабек Әлімбековты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы қызметінен босату туралы қаулы қабылдады.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 55-бабының 1-тармағына сәйкес Президент Жоғарғы Сот төрағасы қызметіне Бектас Әбдіханұлы Бекназаровтың кандидатурасын қарауды ұсынды.

- Ол 30 жылдан бері сот жүйесінде еңбек етіп келеді. Сот орындаушысынан бірнеше өңірде облыстық сот төрағасына дейінгі жолдан өтті. Барлық жағынан жағымды сипатталады, кәсіби маман. Өйткені бұл қызметте жауапты, жоғары класты кәсіби және тәжірибелі адам жұмыс істеуі керек, мен Бекназаровтың кандидатурасы осы жоғары талапқа сай келеді деп сенемін, - деді Мемлекет басшысы.

Сенат депутаттары Бектас Бекназаровты Жоғарғы Сот төрағасы қызметіне тағайындау үшін бірауыздан дауыс берді.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 4-тармағына сәйкес Мемлекет басшысы Асхат Қайзоллаұлы Дауылбаевты Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қызметіне тағайындауға келісім беру туралы ұсыныс енгізді.

- 1987 жылдан қызмет атқарады. Руденко атындағы Свердловск заң институтын бітіргеннен кейін ұзақ жылдар бойы құқық қорғау саласында қызмет етіп келеді. Соңғы жылдары Алматы қалалық төрелік сотының төрағасының орынбасары, Әділет вице-министрі, Мәжіліс депутаты сияқты жауапты қызметтер атқарған. Соңғы 11 жыл бойы ол Бас прокурордың орынбасары қызметін атқарып келеді. Ол өте сауатты, мақсаткер адам. Өз ісін жақсы білетін, еліміздің мүддесін  барынша қорғап келе жатқан азамат. Сондықтан оның кандидатурасын Қайрат Мәмидің Сенат Төрағасы қызметіне ауысуына орай қызметінен босатылуына байланысты осы қызметке лайықты деп есептеймін, - деп атап көрсетті Президент.

Сенат депутаттары қаулымен бұл тағайындауға келісім берді. Президент Асхат Дауылбаевты Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 4-тармағына сәйкес Мемлекет басшысы Нұртай Әбіқаевты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындау туралы келісім беру туралы ұсыныс енгізді.

Сенат депутаттары тағайындау жөніндегі қаулы арқылы келісім берді. Президент Нұртай Әбіқаевты Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.

- Мен Қазақстан халқына Жолдауымда және «Нұр Отан» партиясының съезінде сөйлеген сөзімде жаңа ауқымды міндеттер қойдым. Ол Қазақстанның мемлекеттік органдары тарапынан едәуір күш-жігерді талап етеді. Бізге бұрынғы сенімді кадрлар да, перспективалық жобалармен жұмыс істей білетін және бәрін өзінің жауапкершілігіне ала білетін, жаңа формациядағы басшылар да қажет. Сенатта да өнімді жұмыстар күтіп тұр. Идустриаландыруды, инновациялық даму мен әлеуметтік жаңғыртуды заңдық тұрғыдан қамтамасыз ету – маңызды міндет, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар