Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

28 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады.

Сенат Төрағасы Президентке Астанада 30-31 мамырда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің IV Съезін өткізуге әзірлік жұмыстарының барысы туралы баяндады. Атап айтқанда, Қ.Мәми форумға қатысу үшін әлемнің 40 елінен 87 делегация келетінін мәлім етті.

«Адамзат таңдауы – бейбітшілік және келісім» - Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің осы жолғы кездесуінің негізгі тақырыбы. Съезд барысында бір пленарлық және төрт секциялық отырыс өткізу жоспарланып отыр. Сенат Төрағасы сондай-ақ «IV Съезде анықталатын мәселе – Діни лидерлер кеңесін құру туралы Мемлекет басшысының бастамасын іске асыру болып табылады», деп атап өтті.

Сонымен қатар, Қ.Мәми Нұрсұлтан Назарбаевты діни Форум күндері Діни лидерлер кеңесінің мүшелері қатысатын іс-шаралар туралы хабардар етті. Мысалы, 31 мамыр, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні 1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына арналған монументтің ашылу рәсімі болады, «АЛЖИР» мұражай-мемориалдық кешенін аралайды және саяси қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне ғибадат етеді. Съезд күндері «Рухани жарасым» аллеясы ашылады.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы Мемлекет басшысын қазіргі заң шығару жұмыстары туралы хабардар етті.

Кездесудің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев Сенат алдына бірқатар міндет қойды және Қ.Мәмиге нақты тапсырма берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар