Жаңалықтар

15 желтоқсан 2011
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналысқа қатысты.

01kp

03

02

Тәуелсіздік сарайында өткен салтанатты жиналысқа 3 мыңнан астам қонақ қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Парламент Сенатының депутаттары, дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың өкілдері, Жоғарғы Соттың судьялары, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің өкілдері, шетелдегі қазақ диаспорасы, Қазақстан жұртшылығының өкілдері бар.

Президент өз сөзінде әр азамат өз Отанының бай тарихын мақтаныш етуі тиістігін атап өтті.

- Біз алтын таққа отырған асқақ дәуірлерді де, өзгенің бодауында болған кер заманды да бастан кешкен елміз. Сондықтан халқымыз азаттық рухын терең сезініп, жан-жүрегімен түсіне біледі. Азаттық – Ұлы Даланы мекен еткен аталарымыздың асыл арманы еді. Біз осы асқақ арманға қол жеткіздік. Осыны терең сезіну патриотизм мен мемлекеттілікті нығайтуға мүмкіндіктер туғызады, - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандық жол бағаны ырықтандыру, ұлттық валютаны енгізу және банк жүйесін құру, мемлекеттік меншікті жекешелендіру және нарықтық қатынастарға көшуден басталғанын атап өтті. 1999 жылдан бастап экономика өсімнің сенімді көрсеткішіне айналды және 2007 жылға дейін жалпы ішкі өнімнің жылсайынғы өсімі орташа алғанда бір жылда 10 пайызды құрады. Бұл Қазақстан-2030 даму Стратегиясының алғашқы нәтижелері болды. Қазақстан ТМД-ның өзге елдеріне қарағанда нарыққа өтуді табысты жүргізді. Осы жылы Бүкіләлемдік банктің бизнесті енгізу бойынша рейтингісінде Қазақстан 47-орынды иеленді. Ұлттық Банкінің Ұлттық Қордың активімен жиынтық резерві 80 миллиардқа жуық долларды құрады. Егер 1993 жылы жалпы ішкі өнім жан басына шаққанда 700 долларды құраса, ал бүгінде 11 мың доллардан астам көрсеткішке жетті. Бүкіләлемдік банктің классификациясына сәйкес, Қазақстан табысы ортадан жоғары деңгейдегі елдердің тобына енді.

-  Біз 20 жылдың ішінде ұлы мұраны – күшті мемлекетті, жаңа экономиканы, біртұтас қоғамды құрдық. Біз жаңа елорданы, Еуразияда жаңа да тамаша қала - Астананы салдық. Астана ортақ идеямызға, мемлекеттің экономикалық, мәдени және саяси өмірінің эпицентріне айналды. Біздің елордамызда ЕҚЫҰ-ның тарихи саммитінің өткізілуі әлемдік саясатты «Астана Рухы» атты жаңа түсінігімен байытты. Егер Тәуелсіздіктің бесігі Алматы болса, ал Астана – бұл біздің болашағымыздың бесігі. Мен Қазақстанның барша азаматтарына қолдаулары, сенімдері мен төзімділіктері, Отанымызды өркендетудегі еңбегі үшін алғысымды білдіремін! – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев XXI ғасыр күллі әлемдік архитектураны қозғалысқа түсіргенін атап өтті. Біріншіден, таяу 10-15 жылда әлем жаңа технологиялық революцияны күтуде. Екіншіден, жаңа экономикалық әлемдік құрылыстың негізінің түбегейлі өзгерістерін айқындайды. Үшіншіден, XXI ғасырда әлем аштық пен індет қатерінен, таза ауыз су мен құнарлы жер жетіспеушілігінен арыла қойған жоқ.

- Біз Тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында күшті экономика мен күшті мемлекетті қалыптастырдық. Екінші онжылдық өсуі мен күш жинау кезеңіне айналды. Үшінші және төртінші онжылдықтар біздің еліміз үшін алға қарай серпілістің тарихи дәуіріне айналуы тиіс. Біз барлық мақсатымызға қол жеткіземіз және «Қазақстан-2030» Стратегиясын іске асыруды табысты аяқтаймыз, - деп атап көрсетті Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстан алдында постиндустриялық әлемнің белсенді мүшесі болу зор міндеті тұрғанын атап өтті. Жаңа индустрияландыру – ол жаңа ғасырдың ауқымды өркениетті жобасы. Барлық халық осы жобаға қатысулары тиіс. Инновациялық даму - ол қазақстандық барыстың болашаққа қарай қуатты серпілісі.

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев әділетті әлеуметтік қорғау, әділетті білім мен денсаулық сақтау жүйесі, әділетті жастар мен тұрғын үй саясаты – қазақстандық даму үшін жаңа күн тәртібіндегі мәселелер екенін атап өтті. Сондықтан қоғамды жаңғыртудың әлеуметтік нақты Стратегиясын әзірлеу қажет.

Мемлекет басшысы XXI ғасырда өңірлік және жаhандық интеграциялық үдерістерге белсене атсалыспайынша, Қазақстанның шынайы Тәуелсіздігі болуы мүмкін еместігін атап өтті. Интеграция – бұл болашаққа апаратын магистраль. Бірыңғай экономикалық кеңістіктің арқасында Қазақстан өзінің геоэкономикалық жағдайын жақсартады, Орталық Азия елдерінде алғашқы болып континенттік тұйықтанушылақтан шығады. Еліміз ресейлік және беларусьтік көлік инфрақұрылымына жеңілдік шарттарына қол жетімділікке ие болады, іс жүзінде батысқа – Еуроодақ шекарасына, ал шығысқа – Жапония және Азиялық-Тынық мұхиты қоғамдастығының өзге елдерінің рыногына шығады.

Нұрсұлтан Назарбаев ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан тек көпғасырлық бірлесу мен сабақтастық, тек ортақ мақсаттар ғана осы ғасырдағы міндеттерді шешу үшін ұлтты топтастыруға қабілетті екенін атап өтті.

- Қазақстан – біртұтас жер, біртұтас халық, бірыңғай болашақ. Тек осы каноникалық шындықты сақтай отырып, біз мәңгілік халық, мәңгілік астана және мәңгілік мемлекет туралы айта аламыз. Менде XXI ғасыр Қазақстан тарихындағы жарқын ғасыр болады деген сенім бар. Ол ғасыр біздің тарихымызға жүзжылдық бейбітшілік пен жасампаздық ғасыры ретінде кіреді деп сенемін, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Салтанатты жиналыста сондай-ақ соғыс және еңбек ардагері Б.Жанғалов, Парламент Сенатының депутаты М.Алтынбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология магистрі А.Данченко, «Жасыл ел» елордалық филиалының төрағасы Р.Хамидуллин, Астана қаласының әкімі И.Тасмағамбетов сөз сөйледі.

Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Мәми Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына байланысты БҰҰ Бас хатшысы П.Г.Мун, Ресей Федерациясының Президенті Д.Медведев, ҚХР Төрағасы Х. Цзиньтао, Франция Президенті Н. Саркози, Испания Королі  Х. Карлос, Германия Президенті К. Вульф, Сауд Арабиясының Королі А.бен Абдель Азиз әл Сауд, Иордания Королі Абдалла II, Рим Папасы  Бенедикт XVI, Өзбекстан Президенті И.Кәрімов, Украина Президенті В.Янукович, Беларусь Президенті А.Лукашенко, Тәжікстан Президенті Э.Рахмон, Түркменстан Президенті Г.Бердымухамедовтан, сондай-ақ БАА, Хорватия, Ливан, Ирландия, Палестина, Литва, Словакия, Болгария, Эстония, Венгрия, Ирак, Италия, Польша, Грузия, Куба, Швейцариядан, ЕҚЫҰ, Еуропалық Комиссия және өзге де  халықаралық ұйымдардан келіп түскен құттықтауларды оқыды.

Президент сөзінің мәтінін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар