Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

18 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрі Асқар Жұмағалиевті қабылдады.

А.Жұмағалиев Мемлекет басшысы ведомствоның алдына қойған тапсырмалар мен міндеттерді орындау жөнінде, сонымен қатар көлік-коммуникация кешенінің мақсатты индикаторларға жетудегі атқарған жұмысы жөнінде баяндады.

Атап айтқанда, министр қазақстандықтардың Интернет жүйесіне қолжетімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшіру және халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңарту жөнінде атқарылған жұмыс туралы мәлімдеді. Министр мәлімдегендей, еліміздің өңірлерінде CDMA технологиясын енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылуда. Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қостанай, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарының селолық елді мекендерінің тұрғындары қазіргі күні EV-DO технологиясы арқылы интернетке сымсыз кеңжолақты түрде кіре алатын  болады. Ведомство осындай мүмкіндікті 2013 жылдың аяғына дейін барлық облыста жасауды жоспарлауда. Сонымен бірге министр Интернет жүйесін және «электронды үкіметті» пайдаланушылар санының арта түскендігіне ерекше назар аударды.

- Электронды үкіметті дамыту бойынша Қазақстан БҰҰ-ның рейтингісінде   38-орын, ал он-лайн қызметі бойынша – 14 орын иеленіп отыр. Қазіргі уақытта ел тұрғындарына 11 миллион электрондық анықтама берілген. Бұл бұдан екі жыл бұрынғымен салыстырсақ, ол кезде тек 18 мың анықтама берілді. Біздің еліміз желілік дайындық бойынша 55-орында, телефон желісін тіркеу бойынша – 46-орында, ұялы байланыс абоненттері бойынша – 38-орында. Ғаламтор қызметін қазақстандықтардың 53 пайызы пайдаланады. Сондай-ақ, бүгінге дейін еліміздің жұртшылығына "электрондық үкімет" порталы арқылы мемлекеттік қызметті пайдалануға қажетті 1 миллионнан астам электронды қол қойылған, - деді А.Жұмағалиев.

Көлік және коммуникация министрлігі ағымдағы жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар қызметтердің 60 пайызын, ал 2013 жылы – 100 пайыз электрондық форматқа көшіруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, министр ағымдағы жылы пайдалануға 998 шақырым республикалық маңызы бар жолдар, оның ішінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізінің қайта салынуы аясында 700 шақырымды тапсыру жоспарланғанын мәлім етті. Келесі жылы ірі халықаралық  магистральдің тағы 803 шақырымын тапсыру жоспарлануда. Бұл ретте, министрлік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру барысында мемлекеттік-жеке меншіктік әріптестіктің жаңа формаларын қолдану мүмкіндігін талқыға салып жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ министр Мемлекет басшысына қазіргі кезде елімізде еліміз бойынша 193 тұрақты және 158 жылжымалы желілері бар 158 техникалық байқау орталықтарының ашылғанын хабарлады.  Бұдан бөлек, А.Жұмағалиев «Техбайқау» жүйесінің тестілеуі басталғаны жөнінде айтты. Бұл жүйе техникалық байқаудан өткен автокөліктердің есебін жүргізуге, көпфакторлы сараптама жүргізуге және қағаз жүзіндегі куәліктер беруден біртін-біртін арылуға мүмкіндік тудырады.

Көліктік бақылауды оңтайландыру үшін Көлік және коммуникация министрлігі жүк көлігінің салмағын қозғалыс барысында өлшейтін автоматтандырылған жүйені енгізуді жоспарлауда. Ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап барлық қолданыстағы көліктік бақылау бекеттері аудио- және бейнемониторинг жүйесіне қосылғалы бақылау үдерісі ашық бола түсті. Теміржол көлігі саласында жүк тасымалы қызметтерінің сапасын арттыруға бағытталған жұмыс жүргізуде.  Оның ішінде, 2012-2014 жылдары «ҚТЖ» ҰК» АҚ 18 мың вагон сатып алуды жоспарлаған.

Сонымен бірге министр Мемлекет басшысына теңіз көлігі мен азаматтық авиация саласын дамыту жөніндегі жоспарларын таныстырды. Биылғы жылдың соңына дейцн 9 әуе кемесін, ал 2013 жылдың жоспарында тағы 8 шетелдік  ұшақ сатып алу жоспарланған.

Кездесудің қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев министрлік алдына бірқатар міндет қойып, нақты тапсырма берді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар