Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

21 маусым 2010
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандық жастардың өкілдерімен кездесті.
01

Президентпен кездесуге оқуда, спортта және өз жұмыстарында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізген елордалық жастардың дарынды өкілдері: Бекет Төлегенов – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Интеллектуалдық мектебінің түлегі; Ольга Рыпакова – жеңіл атлетикадан екі мәрте Азия және әлем чемпионы; Ерлан Жақыпбеков – сәулетші, «Қазақ елі» монументі, «Абай», «Сулы жасыл бульвар» жобаларына қатысушы әрі авторы; Қанат Төсекбаев – Астана қаласының жедел медициналық көмек стансасының бас дәрігері; Айдар Қырықбайұлы – халық шығармашылығын насихаттаушы, «Жас Отан» жастар қанатының кеңесшісі және өзгелер шақырылды.    

Жас астаналықтар өздерінің жеке табыстары туралы айтты. Олар барлық жетістіктері әрбір қазақстандықтың өз жоспарларын іске асыруларына бағытталған мемлекеттік саясаттың нәтижесінде мүмкін болғанын атап өтті. Жастар Мемлекет басшысын біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының одан әрі гүлденуі үшін барлық мүмкіндіктерін аянып қалмайтындықтарына сендірді.

Кездесу барысында Президент тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңдері, рыноктық экономиканы құру, демократияландыру үдерісі, азаматтық қоғамның қалыптасуы мен дамуы туралы, сондай-ақ елорданы ауыстыру қалай жүзеге асырылғаны жайлы айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев осының барлығына да қазақстандықтардың елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтауының арқасында қол жеткенін атап өтті.

- Достық пен тұрақтылық – бұл сіздер нығайтуға тиісті алтын байлығымыз, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сондай-ақ өздерін президенттік команданың мүшелері санайтын жастарға алғысын білдірді.

- Бұл Президент үшін ең үлкен бақыт. Мен сіздерге біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасының игілігі үшін табыстар тілеймін, - деді ол, кездесуді аяқтай отырып.         


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар