Жаңалықтар

22 наурыз 2008
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады.
big-01Eg.jpg

Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен мерекелік шаралар «Астана-Бәйтерек» монументінің жанында өтті.


Мұнда Елбасы киіз үйлердің жабдықталуымен танысты, олардың бірінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлттық әдет-ғұрып бойынша «Баланы бесікке салу» рәсімі көрсетілді. Ол сондай-ақ Наурыз мейрамын атап жатқан елорданың ұлттық-мәдени орталықтары өкілдерінің киіз үйіне ат басын бұрды. Осыдан кейін «Наурыз - тіршілік көктемі, Астана – Қазақстанның көктемі» театрландырылған қойылымы өтті.


Президент елорда тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде көктем мен жаңарудың, достық пен бауырластықтың мерекесі – Наурыз қазақстандықтар үшін айрықша маңызды екендігін атап өтті. Көктемгі күн мен түннің теңелуі біздің ата-бабаларымыз үшін терең мәнге ие болған, нақ осы күн жаңа жыл басы болып саналған.


Нұрсұлтан Назарбаев бара-бара Наурыз мейрамы өзінің басты мәртебесі – Жаңа жыл ретінде аталу дәстүрін қалпына келтіруі мүмкін деген пікір білдірді. Көптеген Шығыс елдерінде бұл мейрамды ұлттық тарихи дәстүрдің негізінде Жаңа жыл ретінде атап өту үлгісі орныққан.


Мемлекет басшысы Қазақстан экономикасы серпінді дамып отырғанын, елімізде тиімді саяси институттар, әлеуметтік тұрақтылық барын атап өтті.


- Қазақстан мұның бәріне еліміздің көпұлтты халқының бірлігінің, өзара түсіністігі мен толеранттылығының арқасында қол жеткізді, - деді Н.Назарбаев.


Мемлекет басшысы қазақстандықтарды мерекемен құттықтап, барлығына денсаулық, игіліктер мен жарқын болашақ тіледі.


- Біздің ортақ шаңырығымыз, біздің Отанымыз – Қазақстан Республикасы гүлдене берсін, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар