Жаңалықтар

3 наурыз 2008
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Президенті Владимир Путинмен және Ресейдегі кеше өткен президенттік сайлауда жеңіске жеткен Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесті.

Ресейдің қазіргі басшысымен әңгіме кезінде Нұрсұлтан Назарбаев оны Ресей Федерациясының президенттігіне Владимир Путин қолдау білдірген кандидаттың жеңісімен құттықтады.


Қазақстан Президенті сондай-ақ В.Путиннің президенттігі кезеңінде Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы барлық салада – саясатта, экономикада, қорғаныс ынтымақтастығы мәселелерінде, мәдени-гуманитарлық байланыстарда мүлдем жаңа деңгейге жеткенін атап көрсете отырып, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға сіңірген зор үлесі үшін оған ризашылығын білдірді.


Владимир Путин Нұрсұлтан Назарбаевты болашақта да Ресей мен Қазақстан арасындағы достық пен одақтастық қатынастарын барынша нығайту ниетінде екендігіне сендірді.


Содан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Дмитрий Медведевті президент сайлауындағы айқын жеңісімен құттықтап, оған Ресей мен Ресей халқының игілігі жолында жаңа лауазымда табыстар тіледі. Қазақстан көшбасшысы екі елдің одақтастық қатынастарының өскелеңдікпен дамитынына, саяси және экономикалық салаларда шарттық-құқықтық ынтымақтастық базасының одан әрі кеңейетініне сенім білдірді.


Дмитрий Медведев Қазақстанда бірнеше мәрте болғанын және біздің елімізді Ресейдің ең сенімді әрі етене одақтасы санайтынын мәлімдеді. Ол достық пен көпқырлы экономикалық әріптестіктің дәстүрлі қарым-қатынасы туысқан елдер халықтарының игілігі жолында тек өскелеңдік тұрғыда дами беретініне нық сенім білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар