Жаңалықтар

21 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Total» компаниясының атқарушы вице-президенті Ив-Луи Даррикаррерді қабылдады.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Франция арасында жақсы әріптестік қарым-қатынастар қалыптасқанын атап өтті.

- Біз Николя Саркозимен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Қазір Францияда президенттік сайлау аяқталды. Енді біз жаңа президентпен жұмыс істеуге дайынбыз. Қазақстанның «Total» компаниясымен стратегиялық өзара қарым-қатынасы орныққан. Сіз көптеген біздің жобаларымызға қатыстыңыз, және біз әріптестігімізді дамыту ниетіндеміз, - деді Қазақстан Президенті.

Өз кезегінде И.Даррикаррер компания Қазақстандағы өз қызметін дамыту ниетінде екенін атап өтті.

- Біз Қашаған жобасындағы консорциумның мүшесі болып табыламыз. Бұдан басқа біз өзге жобаларды дамытатын боламыз. Сонымен қатар, мен Қазақстан-Француз Кеңесі аясындағы ынтымақтастыққа үмітпен қараймын.

«Total» компаниясы Қазақстандағы өз қызметін 1993 жылы Каспий теңізі қайранына геофизикалық зерттеулер жүргізу үшін «Қазақстанкаспийшельф» халықаралық консорциумын құрған кезден бастаған болатын. Зерттеулердің нәтижелері бойынша консорциуммен өнім бөлу туралы Келісімге қол қойылды, «Total» компаниясының үлестік қатысуы бүгінде 16,81 пайызды құрайды.  «Total» компаниясы Қашаған кен орнын қоса алғандағы лицензиялық участке жөніндегі әзірлемеде белсенді әріптес болып табылады. «Total» компаниясы атап айтқанда, компаниялармен-агенттермен бірлескен Оператор ретінде қатысатын Солтүстік-каспий операциялық компаниясына қатысушы болып табылады.

2009 жылы қазанда «Total» компаниясы Каспий теңізі қайраңында Хвалынское кен орнын бірлесіп игеру үшін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлескен қызмет қағидаттары туралы Келісімге қол қойды.

«Total» компаниясы  Қазақстандағы бизнесті дамыту мен инвестициялаудың жаңа мүмкіндіктерін белсенді іздеуші, атап айтқанда, оператор ретінде жобаларды әзірлеуші саналады. Қазіргі уақытта компания Ақтөбе облысында орналасқан екі зерттеу участкесі бойынша келіссөзді аяқтауда.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар