Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

22 мамыр 2012
Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Шетел инвесторлары кеңесінің 25-отырысы болып өтті.

01

02

03

Отырыс жұмысына ірі шетелдік компаниялардың, халықаралық ұйымдардың, қазақстандық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері қатысты.

Пленарлық отырыс басталған кезде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес құрамындағы өзгерістер туралы мәлім етті.

Қазақстан Президенті Шетел инветорлары кеңесі құрылғалы бергі 14 жыл ішінде Қазақстан үлкен жолды жүріп өткеніне тоқталды. Осы уақыт ішінде экономика нақты алғанда 2,5 есе – 186 миллиард долларға дейін өсті. 2011 жылы ішкі жалпы өнімнің өсімі 7,5 пайызды құрады.

- Тәуелсіздіктің жиырма жылдығын өткен жылы біз әртараптандарудағы елеулі табыстармен және инновациялық экономикаға өтумен атап өттік. Осы жылдар ішінде Орталық Азияның тікелей шетел инвестициясының жалпы көлемінің 70 пайызы Қазақстанға тартылды. Бұл 150 миллиард доллар. Тек өткен жылы инвестиция 18 миллиард долларды құрады. Экономиканы индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асырылуда. Екі жыл ішінде бүгінде 3 миллиард доллардан астам өнім өндірген төрт жүзге жуық жаңа өндіріс орны салынды. Тағы екі жүз жиырма жобаны іске асыру жалғасын табуда. Оның 30-дан астамы - инвестиция көлемі үш жүз миллионнан және бір миллиард доллардан асатын ірі индустриялық объектілер. Өңдеуші өнеркәсіпке тиесілі жалпы инвестиция көлемі соңғы үш жылда 8,5 миллиард долларды құрады. Мұндай жетістікке жетуде біздің шетелдік әріпестеріміздің белсенді рөліне сүйенгенімізді мойындауымыз керек, - деді Мемлекет басшысы.

Отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес мүшелеріне «Жаңа Жібек Жолы» жобасын таныстырды.

- Қазақстан Еуропа мен Азия арасында өзгеше көпір бола отырып, өзінің тарихи рөлін жаңғыртып, Орталық Азия өңіріндегі ірі іскерлік және көлік хабына айналуы керек. Осы мега-жобаны іске асырудың нәтижесінде 2020 жылы Қазақстан арқылы көлік жүк ағынының көлемін 2 есеге арттырып, ал келешекте оны кемінде 50 миллион тоннаға дейін жеткізу керек, - деп атап өтті Қазақстан Президенті.

Пленарлық отырыс аяқталғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік компанияларға 4 аталым бойынша награда тапсырды. «Тікелей инвестиция салғаны үшін» аталымы бойынша - ENRC, «Ұзақ мерзімді стратегиялық серіктестік үшін» аталымы бойынша - BG Group, «Әлеуметтік-жауапты компания» аталымы үшін  - METRO Cash&Carry. Гран-при иегері болып Теңізшевройл компаниясы танылды.

Қазақстан Президенті кездесуге қатысушыларды өткізілуі 2013 жылғы 22 мамырға жоспарланған келесі отырысқа, сондай-ақ келесі жылғы 23-24 мамырда өтетін алтыншы Астана экономикалық форумға шақырды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар