Жаңалықтар

12 мамыр 2008
Бүгін Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон екі күндік ресми сапармен Астанаға келді.
big-02.jpg

Ақордадағы салтанатты қарсы алу рәсімінен кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмон шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер жүргізіп, онда саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың ахуалы мен дамыту перспективасын талқылады. Екі мемлекет басшылары өзара мүдделестікке ие халықаралық және өңірлік мәселелер жөнінде пікір алмасты.


Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үдемелі дамуын қанағаттанғандық сезіммен атап өтті. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 2006 жылмен салыстырғанда 64 пайызға өсіп, 303,5 миллион АҚШ долларын құраған. Оң серпін ағымдағы жылы да сақталып отыр.


Банк, қаржы, инвестиция мен сақтандыру салаларындағы екіжақты ынтымақтастық жанданды. Тәжік экономикасына салынған Қазақстан инвестициясының көлемі 34,2 миллион долларға жетті. Қазіргі кезде Қазақстан Тәжікстанның гидроэнергетика, тау-кен өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларына инвестиция салу жобаларын қарастыруда. Тәжік жағы қазақстандық инвесторлардың қызметі үшін қолайлы жағдай жасауға әзірлігін білдірді.


Экономикалық ынтымақтастықты одан әрі арттыру мақсатында тараптар Тәжікстандағы перспективалы жобаларды қаржыландыру үшін жарғылық қоры 100 миллион АҚШ доллары болатын Қазақстан-тәжік инвестициялық қорын құру жөнінде шешім қабылдады. Электр энергетикасындағы, ауыл шаруашылығындағы, тау-кен өнеркәсібіндегі және басқа да салалардағы жобалар аталмыш қордың негізгі басымдықтары болады деп жоспарлануда.


Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың стратегиялық міндеттерін барынша тиімді шешу мақсатында Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының Мемлекетаралық Үйлестіру Кеңесін және Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасының Сыртқы істер министрлері кеңесін құру жөнінде уағдаласты. Сондай-ақ екі ел Үкіметтерінің арасындағы экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы және 2008-2010 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастық жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды. Оларда сауда-экономикалық саладағы бірлескен қадамдар және жаңа жоспарлар мен жобалар айқындалған.


Келіссөздер барысында өңірдің су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану мәселесі маңызды тақырыпқа айналды. Осы орайда тараптар ЕурАзЭҚ аясында Орталық Азия өңірінің су-энергетикалық ресурстарын тиімді пайдалану тұжырымдамасын жедел түрде қабылдау және түбінде Халықаралық су-энергетикалық консорциумын құру қажеттігін атап өтті.


Тараптар ЕурАзЭҚ, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК сияқты халықаралық ұйымдар аясында екі елдің өзара іс-қимылын тереңдетуге қолдау білдірді, сондай-ақ халықаралық лаңкестік, діни және басқа да эстремизмге, есірткі трафигіне, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа және басқа да қатерлерге қарсы күресте ынтымақтастықты нығайтуға әзір екендіктерін қуаттады.


Келіссөздер барысында мәдениет пен білім беру саласындағы өзара іс-әрекетке баса назар аударылды. Бүгінде Қазақстанның түрлі ЖОО-ларында Тәжікстаннан 88 студент білім алуда және 10 тәжік курсанты ҚР ҰҚК-нің Әскери институтында дайындықтан өтуде.


Тараптар екі мемлекеттің мәдениет қайраткерлері арасындағы байланысты барынша дамыту қажеттігін атап өтті. Ағымдағы жылдың қазан айында Қазақстанның Тәжікстандағы мәдени күндері аталып өтпек.


Сапар қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев пен Эмомали Рахмон Бірлескен мәлімдеме қабылдады, сондай-ақ ҚР мен ТР Мемлекетаралық Үйлестіру Кеңесін және ҚР мен ТР Сыртқы істер министрлері кеңесін құру туралы меморандумға, ҚР мен ТР арасындағы экономикалық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойды.


Сонымен қатар, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен ТР Ауыл шаруашылығы және табиғатты қорғау министрлігі арасындағы табиғатты қорғау саласындағы келісімге, «Қазақстан-Тәжікстан тікелей инвестициялар қоры» акционерлік қоғамын құру туралы келісімге қол қойылды. Сондай-ақ ҚР мен ТР энергетика және минералдық ресурстар министрліктері арасындағы өзара түсіністік туралы, ҚР Туризм және спорт министрлігі мен ТР Үкіметінің жанындағы Жастар ісі, спорт және туризм комитеті арасындағы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мен ТР Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызмет басқармасы арасындағы мемлекеттік қызметті дамыту саласындағы ынтымақтастық туралы ведомствоаралық меморандумдарға қол қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар