Жаңалықтар

30 маусым 2005
Елбасы журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, барлық баспасөз, теледидар, радио, газет қызметкерлерінің еңбектеріне табыс тіледі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада елімізде жүргізіліп жатқан реформаларды қолдауға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қосқан үлкен үлесі үшін бірқатар журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарына Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығы мен гранттарын табыс етті.  
Елбасы журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, барлық баспасөз, теледидар, радио, газет қызметкерлерінің еңбектеріне табыс тіледі. Қазақстан экономикасының қарыштап дамуын, халықтың әл-ауқатының артуын жан-жақты көрсетуде сіздердің қосқан үлестеріңіз зор. Ел өмірінің әрбір жетістігі сіздердің назарларыңыздан тыс қалған емес, деді Елбасы.  
Президент сыйлықтары: Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде белді орынға ие болған республикалық күнделікті басылымның жаңа форматын құрғандары үшін «Айқын» және «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газеттерінің шығармашылық ұжымына және қазақ зиялылары өкілдерінің тұтастай шоғырының өмірі мен қызметі туралы тарихи шындықты жаңғыртуға бағытталған публицистикалық бағдарламалар циклі үшін «Қазақстан» телеарнасының авторы әрі жүргізушісі Жұмабай Шаштайұлына берілді.  
Қазақстан Республикасы Президентінің гранттарына: «Казахстанская правда» республикалық газетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі Любовь Доброта, «Астана» журналының бас редакторы Жұмагүл Саухат, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің шолушысы Мейрамбек Төлепберген, Батыс Қазақстан облысындағы «Надежда» өңірлік қоғамдық-саяси газетінің шығармашылық ұжымы, «Астана ТВ» телеарнасындағы «Формула личности» телебағдарламасының шығармашылық ұжымы ие болды.  
Риза Молдашева, Ғабит Мүсірепов, Мағжан Садыханұлы, Күлімхан Хасенова, Евгений Шибаршин сынды журналистерге Қазақстан Республикасы Президентінің алғысы жарияланды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар