National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан Президенті Нидерланд Корольдігіне ресми сапарының және Гаагадағы Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит жұмысының қорытындылары бойынша брифинг өткізді

2014 жылғы 25 наурыз

 

Брифинг барысында Мемлекет басшысы ресми сапар аясында осы елдің Королімен және Премьер-Министрімен кездесулердің жемісті өткеніне тоқталды.    

– Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы – 10 миллиард долларға жуықтайды, Нидерланд – Қазақстанның басты инвесторы. Бұл ел инновацияда, экология мен медицинада әлемде көшбасшы саналады. Сондай-ақ, Нидерландта ауыл шаруашылығы секторы да өте тиімді. Тұрғындардың 3%-ға жуығы ауылдық жерлерде тұрады, бірақ бұл ел ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты бойынша Еуропада үшінші орын иеленеді. Сондықтан Нидерландтың бұл саладағы тәжірибесі Қазақстан үшін өте маңызды. Біздің экономикамызға ірі Голланд компаниялары өте қызығушылық танытып отыр. Жалпы Нидерланд тарапымен біздің ынтымақтастығымызды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін өте нәтижелі келіссөздер жүргізілді және түрлі келісімдерге қол қойылды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті біздің еліміз Ядролық қауіпсіздік жөніндегі үшінші саммиттің белсенді қатысушысы және әлемдегі ірі Семей ядролық полигонын жапқан, зымырандық-ядролық арсеналдан бас тартқан мемлекет ретінде әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі болып саналатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы саммиттерде маңызды проблемалар қаралатынын айтты.

– Атап айтқанда, бұл – ядролық материалдар таратпау және адамдар үшін зор қауіп-қатер тудыратын жаппай қырып-жою қаруының террористер мен экстремистердің қолына түсу мүмкіндіктерін болдырмау мәселелері. Саммиттің аясында біз осындай жағымсыз сценарийлер мен әрекеттерді қарастырдық, себебі халықаралық қоғамдастық олардың алдын-алу шараларын қабылдауға тиіс. Бұған қоса, бүгінде уран медициналық, ғылыми-зерттеу және өзге де мақсаттарда пайдалануда және бұл да мониторинг жүргізуді қажет етеді. Ядролық отын қалдықтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі де бар. Уранның айналымына байланысты барлық нысандарды қандай үлгіде қорғауға болады? Бұл үшін МАГАТЭ арнаулы халықаралық ұйымы бар және оның жұмысының мәселелері де талқыланды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті атом электр стансалары үшін қауіпсіз уран алуға болатын аз байытылған ядролық отын банкін қалыптастыруға қатысты Қазақстанның ұсынысы туралы айтып берді.

– Саммит аясында біз Семей ядролық полигоны аумағын және оның инфрақұрылымдарын одан әрі оңалтуға байланысты Қазақстан мен АҚШ арасында арнайы мәлімдеме қабылдадық. Бұл бағыттағы екіжақты ынтымақтастық өте жақсы деңгейде екенін айта кету керек, – деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, брифинг барысында Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің және «Үлкен сегіздіктің» мүшесі болып табылатын көптеген ірі мемлекеттер басшыларымен екіжақты кездесулер болып өткенін, онда екіжақты ынтымақтастықтың маңызды мәселелері мен халықаралық күн тәртібінің өзекті жайттары талқыланғанын атап өтті. Мұның бәрі осы елдердің бастамасымен өтті, бұл – Қазақстанның халықаралық қоғамдастықтағы рөлі арта түскенінің, біздің жетістіктеріміз бен салмақты саясатымызға деген құрметтің дәлелі.    

Мемлекет басшысы бүгінде Қырым төңірегіндегі жағдайға байланысты батыс елдері мен Ресей арасында шиеленіс байқалып отырғанын еске салды.                            

– Соңғы күндері барлығы халықаралық құқық туралы айтуда және біздер оны бұзудың қауіпті мысалдарын көріп отырмыз. Бұл қақтығысқа тартылған елдердің экономикаларын ондаған жылдарға кері шегеруге әкеліп соқтырады.  Сонымен қатар, Украинадағы жағдайды айтқанда, бұл елдің экономикасы кеңестік заманда Ресейден кейінгі екінші орында болғанын атап өткен жөн. Республика өте зор әлеуетке ие болатын. Бірақ соңғы жылдары Украинаның саяси басшылығы жиі құбылды – бірде Еуропамен қарым-қатынасты күшейтуге, бірде Ресеймен өзара іс-қимылды және еуразиялық интеграцияға дамытуға ұмтылды. Іс жүзінде халық пен ел екі бөлікке бөлініп қалды. Нәтижесінде ішкі саяси жағдай бақылаудан шығып кетті. Бүгінгі бірінші кезектегі міндет  – құқықтық алаңға қайта оралу, бұл сайлау өткізу дегенді білдіреді. Заңды президентті, парламент пен легитимді үкіметті сайлау керек. Сосын осы негізде бейбіт келіссөздер жүргізіп, қалыптасқан ахуалдан бірлесіп шығу қажет, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Украинаның Ресеймен шекарасын анықтау мәселесін әлі күнге дейін шешпегенін, бұл мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасқа бөгет болатынын айтты.  Ол Қазақстанның мұндай мәселені Ресеймен де, Қытаймен де, сондай-ақ өзге де көршілерімен толықтай реттеп алғанын еске салды.

– Қазақстанның сыртқы саясаты теңгерімділік пен көпвекторлыққа негізделген, ал елдегі ішкі ахуал тіліне, дініне және мәдениетіне қарамастан, барлық азаматтардың теңдігі мен құқықтарын сақтауды негізге алған. Бұл бүгінгі әлемде тыныштық пен тұрақтылықты қамтамасыз етудің басты факторы болып саналады. Нақ осы негізде ғана мемлекет орнықты дами алады. Практика біздің елдегі саясатымыздың дұрыстығын тағы бір рет дәлелдейді. Даму үшін татулық, келісім, халықтың бірлігі керек. Сол себепті де мен шет мемлекеттердегі әріптестерімнің барлығын бейбіт келіссөздер жүргізу қажеттігіне үгіттедім, – деді Қазақстан Президенті.

 Нұрсұлтан Назарбаев Украинада болған оқиғалар интеграциялық үдерістердің барысына ықпал етпейтінін, Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы негізгі шартқа қол қою жөніндегі жұмыстардың жалғасатынын да атап өтті.

 – Интеграция кедендік кедергілерді жоюға мүмкіндік беріп, бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Сондықтан біздікі таза прагматикалық мүдде – елді дамыту, экономиканы көтеру және ІЖӨ ұлғайту. Ал біздің саяси тәуелсіздігімізге келсек, ол мызғымайды, Қазақстан ешкімге егемендігін бермейді. Бірақ белгілі бір экономикалық өкілеттіктерді біз, мысалы, Еуропалық одақтағы секілді ұлтүстілік органдарға беретін боламыз, онда Еурокомиссия кедендік мәселелерді шешеді, сауда, тарифтер, мұнай мен газ тасымалы, электр энергиясы, темір жол және автомобиль жолдары саласын реттейді. Біздің болашақ одақта барлық мәселе консенсустық негізде шешілетін болады. Түпкілікті шешім үшін барлық үш мемлекеттің де келісімі талап етіледі. Сондықтан мұнда ешқандай алаңдау болуға тиіс емес, бұл барлық мемлекеттерге,  әсіресе дағдарыс жағдайында тиімді. Интеграциялық үдерістер ілгерілей береді, бұл да біздің тәуелсіздігіміздің мәселесі, – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бірқатар елдер тарапынан Ресей Федерациясына экономикалық санкциялар енгізілу мүмкіндіктеріне қатысты, Қазақстан Президенті олар біздің елімізге тікелей әсерін тигізбейтіні туралы пікірін білдірді. Бұл ретте ол Ресейдің экономикалық даму қарқынының төмендеуі мен көрсеткіштерінің нашарлауы біздің экономикаға да әсерін тигізуі мүмкін екенін атап өтті.

– Алайда Қазақстан тәуелсіздік жылдарында сауда-экономикалық қарым-қатынастарды әртараптандыру саясатын жүргізіп келді. Бүгінде біз сондай-ақ әлемдегі барлық елдермен тиімді өзара ықпалдастыққа мүмкіндік беретін өзіміздің көлік-логистикалық жүйемізді дәйектілікпен дамытып келеміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті қазіргі әлемнің көпполярлығы шешімдер әзірлеудің тиісті форматын талап ететініне назар аударды.

– G-8 бен G20 экономикалық дағдарыстың да, саяси дағдарыстартың да мәселесін шешкен жоқ. Сондықтан, бұл орайда интерактивті түрде 190 ел қатысатын G-Global бастамасы өте маңызды. Жер жүзі мемлекеттерінің кең ауқымының пікірін ескеру қажет. Бұл тұрғыда G-Global алаңы өте өзекті бола түсуде, – деді Мемлекет басшысы.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев туындайтын барлық мәселелерді текетірессіз және жаһандық сілкіністерсіз, өзара мүдделердің теңгерімі негізінде шешудің маңыздылығын атап өтті.

 

 


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің