Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

14 сәуір 2020
Мемлекет басшысы Жоғары еуразиялық экономикалық кеңес мүшелерінің жұмыс кездесуіне қатысты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеконференция форматында өткен Жоғары еуразиялық экономикалық кеңестің жұмыс мәжілісіне қатысты.

Жиынның күн тәртібінде коронавирус індетінің таралуын болдырмау және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар онлайн-саммитке Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары: Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде көптеген елдердің қоғамдық және экономикалық өміріне кері әсерін тигізген COVID-19 пандемиясына байланысты әлемде күрделі жағдай қалыптасып отырғанын айтты. Сонымен қатар бүкіл дүниежүзінде экономикалық белсенділіктің бірден төмендегенін, шикізат өнімдері бағасының рекордтық құлдырауы аталған өнімді экспорттайтын елдерге ауыр зардабын тигізіп отырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ОПЕК+ аясында мұнай өндіруді үйлесімді қысқарту және нарықтағы энергия ресурстарының теңгерімін қалпына келтіру туралы келісімді қолдайтынын мәлімдеді.

– Аталған келісім аясында табысқа жету үшін Ресей Федерациясының үлкен күш-жігер жұмсағанын жоғары бағалаймын. Қазақстан келіссөздерге бақылаушы ретінде қатысып, өнімді айтарлықтай қысқартуға келісім беру арқылы өз үлесін қосты, – деді Президент.

Мемлекет басшысы әлемдік экономиканың одан әрі дамуы туралы айта келе, «2020 жылы әлемдегі жалпы ішкі өнім 2% аса төмендеуі мүмкін. Сонымен бірге АҚШ пен Еуроаймақтың жалпы ішкі өнімі сәйкесінше 3,3% және 4,2% төмендейді. Қытай экономикасының өсімі 2% төмен болады деп болжануда, яғни, құлдырау шамамен 4% құрайды», – деген сарапшылардың болжамдарын мысалға келтірді.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі пандемиямен күреске, ел экономикасын қолдауға және мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға бағытталған дағдарысқа қарсы шаралардың жүзеге асырылуы туралы айтты.

Президент қабылданған шаралардың арқасында мемлекет індеттің таралуына барынша тосқауыл қойғанын, қоғамдағы тұрақтылықты және іскерлік белсенділікті сақтауға қол жеткенін атап өтті.

Мемлекет басшысы пандемияның Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің экономикасына тигізген теріс әсерімен күресуге бағытталған дағдарысқа қарсы бірлескен шаралардың жүзеге асырылу барысына да тоқталды.

– Азық-түлік және медициналық бұйымдардың жекелеген түрлерін шетелге шығаруға тыйым салынды. Әлеуметтік маңызы бар тауарларды, жеке қорғаныс құралдары мен дезинфекциялық заттарды, диагностикалық реагенттерді, медициналық жабдықтар мен материалдардың жекелеген түрлерін әкелуге салық салынбайтын болды. Үкіметаралық кеңес Үкімет басшылары деңгейінде «үкіметтер мен ұлттық банктердің бірлескен шараларының тізімі» түрінде нақты ұсыныстарды қабылдады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен бірге Қазақстан Президенті ЕАЭО бойынша әріптестерін қазіргі дағдарыстан сабақ ала отырып, орта және ұзақ мерзімді перспективаға бағытталған шараларды орындау қажеттігіне назар аударды. Осы орайда сауда-экономикалық, қаржылық, цифрлық өзара іс-қимылдарды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ, денсаулық сақтау және медицина ғылымы саласында ынтымақтастық орнатуға бағытталған бірқатар ұсынысын ортаға салды.

Біріншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылық және азық-түлік өнімдерін өндірудің зор мүмкіндіктері жайында айта келе, өзімізді өзіміз азық-түлікпен қамтамасыз етудің деңгейі өсіп, дайын өнім өндірісін мейілінше ұлғайту, сыртқы нарыққа шығу және ауыл шаруашылығы ғылымында тәжірибе алмасу үшін ынтымақтастықты нығайту тетіктерін ойластыруды ұсынды.

Екіншіден, Президент өңірлік өндірістік-технологиялық кооперацияларды нығайтудың маңыздылығына тоқталды. Оның пікірінше, қазіргі дағдарыс ғаламдық құндылықтар тізбегінің көрінісін айтарлықтай өзгертіп, жаһандық өндіріс, сауда және логистика құрылымдарын ұлттандыру мен аймақтандыру деңгейін анықтайды.

– Аталған өзгерістерді ескеріп, экономикамыздың бәсекелестік басымдығына негізіндей отырып, қосымша құнның аймақтық тізбегін жасауға болады. Елдеріміздің үкіметтері бірлескен жұмыстар бойынша аталған бағытты пысықтап, нақтылай алар еді, – деді Мемлекет басшысы.

Үшіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы сауда процестерінің орнықтылығы маңызды екенін айтты.

– Одақ аясында өндірілетін тауарлардың ешқандай кедергісіз тасымалын ескере отырып, өзара сауда-саттықтың жолдарын қайта қарау керек. Біз бұған дейін ішкі нарықтағы кедергілерді реттеу мәселесін бірнеше рет талқыладық. Өкінішке қарай, дағдарыс кезінде жаңа кедергілер бой көрсетуде. Мұның тұрақты сипат алуына жол бермей, оның нормативтік және құқықтық тәжірибесін қалыптастыру маңызды, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы пандемиядан зардап шеккен бизнеске қаржылай көмек көрсету арқылы Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі іскерлік белсенділікті қолдауға шақырды.

– Еуразиялық даму банкі дағдарыстан кейінгі кезеңде бірлескен жобаларды қаржыландырудың тиімді құралы болуға тиіс. Елдеріміздің үкіметтері осы бағытта келісілген маңызды жобаларды әзірлей алар еді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өз сөзінде денсаулық сақтау және медицина ғылымы саласында ынтымақтастық орнатуға ерекше мән берді. Мемлекет басшысы ақпарат алмасу, COVID-19 індетін анықтаудың және онымен ауырғандарды емдеудің инновациялық әдістерін әзірлеу, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер арасында ғылыми ынтымақтастықты күшейту мәселелері бойынша өзара ықпалдастықты нығайтуды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия кезінде қоғамның дамуы үшін өзінің маңыздылығын дәлелдеген цифрлық инфрақұрылымның сапасы мен сенімділігін қамтамасыз етудің қажеттігін айтты. Президенттің пікірінше, озық технологиялардың енгізілуі интеграциялық жұмыстардың: кеден қызметін цифрландырудан Fintech бірлескен әзірлемелеріне дейінгі барлық бағыттың тиімділігін айтарлықтай деңгейде айқындайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдер мен Одақтың өзі бұрын-соңды болмаған осы дағдарысты еңсеретініне, одан сабақ алатынына, аталған кезеңде пысықталған тәжірибеге талдау жасайтынына және жаңа сын-қатерлерге дайын болатынына сенім білдірді.

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге оқиғалар
Барлық оқиғалар