National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Елбасы Сербия Республикасының Президенті Томислав Николичпен келіссөздер қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді

2016 жылғы 24 тамыз

Мемлекет басшысы өзінің алғашқы ресми сапары елдер арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнауының 20 жылдығына тұспа-тұс келгеніне тоқталды.

– Менің сапарым қарсаңында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның бірінші отырысы өтті. Бүгінде елдеріміз арасында экономикадағы өзара іс-қимыл деңгейі Қазақстан мен Сербияның мүмкіндіктеріне сай келмейді. Қазақстанда құрылыс және сауда салаларында Сербия капиталының қатысуымен 15-тей бірлескен кәсіпорын жұмыс жүргізуде. Сербия компаниялары Алматы метрополитенінің бірқатар стансасының, өңірлердегі басқа да инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына қатысты, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер барысында Сербия бизнесінің Қазақстанды индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық дамыту ісіне атсалысу мүмкіндіктерін талқылауға ерекше мән берілгенін атап өтті.

– Біз өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік және транзит, медицина, туризм, шағын және орта бизнес салаларын ынтымақтастықтың басым бағыттары ретінде белгіледік. Бұл орайда бізде жақсы тәжірибе бар, оның ішінде Сербияның «Энергожоба» компаниясы Қазақстан аумағында бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға атсалысқан болатын. Біз елімізге озық тәжірибесі мен технологиялары бар Сербияның жаңа компаниялары келеді деп үміттенеміз. Сондай-ақ, біз Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын арттыру үшін Қазақстан мен Сербияның көлік-транзит әлеуетін өзара пайдалану жөнінде пікір алмастық. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы өзара ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті биылғы мамырда Астанада ЕАЭО елдері көшбасшылары қабылдаған сауда режімін біріздендіру жөніндегі келіссөздерді бастау туралы шешім Еуразиялық экономикалық одақ пен Сербия арасында еркін сауда аймағын құруға жол ашатынын мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Белградта қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаев ескерткішінің ашылғаны үшін алғыс айтып, еліміздің Сербиямен арадағы өңіраралық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту ісін құптайтынын айтты.

Соңында Елбасы келіссөздердің маңызды бөлігі Қазақстан мен Сербияның халықаралық аренадағы ынтымақтастығына арналғанына назар аударды.

– Біз БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі ретіндегі Қазақстанның қызметі аясында тығыз ынтымақтастық жасау жөнінде уағдаластық. Келіссөздер нәтижесі екіжақты ынтымақтастықты арттыру тұрғысынан өзара іс-қимыл аясын ұлғайтуға ортақ ниет бар екенін айғақтады. Біз Орталық Азия өңірі мен Еуропадағы жағдайды, терроризммен күрес мәселелерін талқыладық. Өзара іс-қимылдың барлық мәселелері бүгінгі қабылданған бірлескен мәлімдемеде атап көрсетілді, – деді Қазақстан Президенті.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің