National Emblem of Kazakhstan

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Қазақстан Республикасы Президентінің

ресми сайты

Жаңалықтар


Халықаралық қоғамдастық

Қазақстан мен Иран президенттерінің кездесу қорытындысына арналған бірлескен брифинг

2016 жылғы 11 сәуір

 

Брифинг барысында келіссөздерде сауда қатынастарын дамыту үшін бизнесмендерге виза беру үдерісін жеңілдету мәселелері талқыланғаны атап өтілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, ғылым, технология және мәдениет салаларындағы ынтымақтастықтың аясын кеңейту жайы айтылды.

Тараптар көлік-логистика, сондай-ақ экологияны қорғау, Каспийде кеме қатынасы мен туризмді дамыту салаларындағы және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі жөніндегі құжаттарға қол қою барысындағы өзара іс-қимылды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Мемлекеттер басшылары экстремизммен және терроризммен күресу, Ирак, Ауғанстан, Сирия аумағындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету, сондай-ақ Йемендегі қақтығысты саяси шешімдер негізінде тоқтату қажеттігін айтты.

Нұрсұлтан Назарбаев  Х.Руханиді және бүкіл Иран халқын ядролық мәселені шешудегі қол жеткен табыстарымен, елдің алдынан зор мүмкіндіктер ашатын санкциялардың алынуымен құттықтады.

Елбасы қалыптасқан жағдайға қарамастан біздің елдің Иранмен жоғары деңгейдегі қарым-қатынаста болғанын айтты.

Мемлекет басшысы осы сапар аясында металлургия, тау-кен, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, туризм, ғылым және білім, медицина салаларында жалпы құны 2 миллиард доллар болатын 66 екіжақты құжатқа қол қойылғанына назар аударды.

Нұрсұлтан Назарбаев Х.Руханидің тікелей атсалысуымен Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржол құрылысының жобасы жүзеге асырылғанын айтты.
– Алғашқы контейнерлік пойыз шығыс Қытайдан Иранға 12 күнде келді. Теңіз арқылы тасымал екі есе уақыт алар еді, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Иран мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынасты келіссөз арқылы жолға қоюдың маңыздылығын айтты.

Мемлекет басшысы елдеріміздің арасын қазіргі уақытта үш бірдей көлік бағыты – теміржол, автомобиль жолы және Каспий теңізі жалғап жатқанын, мұның қарым-қатынасты бұдан ары дамытуға оң ықпалын тигізетінін атап өтті.

Соңында Қазақстан Президенті кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс айтып, Х.Руханиді елімізге ресми сапармен келуге шақырды.

Иран Президенті Қазақстан тәуелсіздік алған уақыттан бері достас ел болып келе жатқанына тоқталды.

– Қазақстан әрдайым бізге жақын болды, Иранның «алтылықпен» ядролық келіссөздерінің екі раундын өткізуге көмектесті. Енді Бірлескен жалпыға ортақ іс-қимыл жоспары аясында қол ұшын созуда, – деді Х.Рухани.

Иран Президенті екі ел арасында еркін сауда айналымына мүмкіндік ашатын жаңа құжаттарды ратификациялаудың және Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ арасында басымдығы бар тарифтер қалыптастырудың маңыздылығын айтты.


Кері қайту Кері қайту Twitter Facebook Басып шығару
Tokaev

Қазақстан Республикасы Президентінің