Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

21 мамыр 2014
Қазақстан Президенті АӨСШК ІV саммитінің қорытындысы бойынша өткен бірлескен баспасөз мәслихатына қатысты

 

Қазақстан Президенті АӨСШК төрағалығына қытай елінің кірісуіне байланысты ҚХР төрағасы Си Цзиньпинді құттықтады,  сондай-ақ Саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын айтты.

– ҚХР төрағалығымен өткен кезекті Саммит біздің мақсаттарымыздың бір екендігін тағы да айғақтады және АӨСШК-ні мүлде жаңа деңгейге көтерді.  Сұхбатты бұдан әрі тереңдетуге ниетті екенін көрсетті. Біздің Форумның шекарасы Азия құрлығының ауқымды бөлігі мен халқын қоса қамтып жатыр. Бұл идеяны мен 22 жыл бұрын, БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясында алғаш рет жарияладым және соңғы 12 жылда АӨСШК толыққанды жұмыс істеп келеді. Биылғы Саммит ең салиқалы жиын болды, бұл Азияның өркендеуіне қызмет ететін нақты тетік ретінде оған деген қызығушылық туындап отырғанын көрсетеді. Форум кеңістігі қауіпсіздік пен тұрақтылыққа үлес қосқысы келетін жаңа мүшелердің қосылуы арқылы бұдан әрі де кеңейе түсетіндігіне сенімдімін, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК құрылғаннан бері қол жеткізілген қомақты нәтижелерге де тоқталды.

– Алматыда форум Хатшылығын құру – негізгі жетістіктеріміздің бірі. Осы сәтті пайдалана отырып, Хатшылықтың барлық қызметкерлері мен сарапшыларға Саммиттің дайындық жұмыстарын атқарғаны үшін ризашылық білдіргім келеді. Жұмыс органын құру сұхбат алаңын толыққанды халықаралық институтқа айналдырудың басы болды. Сенім шаралары каталогын қабылдау арқылы біз Кеңестің мандатын айқындай алдық. Атап айтқанда, әскери-саяси, экономикалық, экологиялық және адами өлшемдерде үдемелі және жемісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгін АӨСШК мен ШЫҰ арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды. Ол беделді әрі қажет екі құрылымның күш-жігерін жұмылдыруға бағытталған, – деді Қазақстан Президенті.  

Мемлекет басшысы IV саммиттің басты қорытындысы ретінде форумды бұдан әрі дамытуға және қатысушы-мемлекеттердің тиімді іс-қимылына бағытталған АӨСШК Шанхай декларациясы қабылданғанын атап өтті.

 Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайдағы саммит Кеңес тарихында ғана емес, қазақ-қытай қатынастарының жылнамасындағы айтулы оқиға болғанын айрықша атап айтты. 

– Мен осы күндері Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапарда болдым. Біздің келіссөздеріміздің қорытындысы екіжақты қарым-қатынастарымызды мүлде жаңа деңгейге шығарды. Осы форумның бастамашысы ретінде Қазақстан АӨСШК-дегі Қытайдың төрағалығына айрықша үміт артатынын атап айтқым келеді. ҚХР төрағасының Азия қауіпсіздігінің жаңа тұжырымдамасы мен Жібек жолының төңірегінде «экономикалық белдеуді» дамыту туралы ұсынысы – барлық мемлекеттердің игілігіне қызмет ететін, алысты көздеген маңызды бастама. Табыстарымызды еселеу, сондай-ақ «бірлігімізді әралуандығымыздан іздеуді» жалғастыру үшін Бейжің үлкен әлеуетке ие болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті АӨСШК-ні Азиядағы қауіпсіздік және даму ұйымына трансформациялау жөнінде ұсыныс айтқанын еске салды. Сондай-ақ Кеңес негізінде пәрменді азиялық өңірлік ұйым құру үшін Қытайдың бар күш-жігерін жұмылдыратынына сенім білдірді. Соған орай, Мемлекет басшысы Форумға мүше-мемлекеттердің басшыларын өңірлік және жаһандық сын-қатерлерге ұжым болып қарсы тұру тетігін қалыптастыруды кейінге қалдырмауға шақырды. Өйткені, бұл елдердің орнықты дамуы мен халықтардың өркендеуі үшін жасалған тарихи қадам болмақ.

Өз сөзінде ҚХР төрағасы Саммит барысында Азиядағы қауіпсіздіктің ең өзекті және көкейкесті мәселелері жөнінде терең пікір алмасылып, АӨСШК-ні одан әрі дамыту жайы талқыланғанын айтты.

– Біз түрлі салалардағы сенім шараларын әзірлеу және жүзеге асырудағы ұйым қол жеткізген прогресті және оның 20 жылдан астам уақыт ішіндегі Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету ісіне қосқан үлесін жоғары бағалаймыз. Кеңестің өз артықшылықтары бар және ол Азиядағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде үлкен рөл атқара отырып, өркениеттер арасындағы диалог үшін нақты негізге ие болды деп ойлаймыз. Біз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұйымның қалыптасуы мен дамуына қосқан айрықша үлесін жоғары бағалаймыз, – деді ҚХР төрағасы.

Түркияның сыртқы істер министрі Ахмет Давотоглу ҚХР төрағалығы АӨСШК қызметінің жаңа парағын ашады деген пікір білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар