Жаңалықтар

21 мамыр 2014
Қазақстан Президенті Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің IV саммитіне қатысты

 

IV саммит жұмысына мемлекеттер мен үкіметтердің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты.

Қазақстан Президенті өз сөзінде АӨСШК идеясын БҰҰ Бас ассамблеясының 47-сессиясында жариялаған сәттен бері биыл 22 жыл және оның іс жүзіндегі қызметі басталғанына 12 жыл толатынын атап өтті. Сондай-ақ, ол елеулі жұмыстар атқарған Түркия тарапының Кеңестегі төрағалық еткені үшін алғысын білдірді.

– Биылғы Саммиттің тарихтағы ең салиқалы жиын болуының символдық мәні бар. Ол 26 мүше-мемлекеттің, 7 байқаушы мемлекеттің, 4 халықаралық ұйымның, сондай-ақ Форум қонақтарының басын қосты. Бүгін Катар және Бангладеш АӨСШК-нің толыққанды мүшелігіне өтті. Олардың қосылуы Форумымыздың шекарасы мен географиясын айтарлықтай кеңейтті. Болашақта оған біздің құрлықтың өзге мемлекеттері де қосылады деп ойлаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев жаңа қауіптер мен  сын-қатерлердің пайда болуына байланысты әлемдік құрылымдағы кейінгі кездері байқалып отырған түбегейлі өзгерістерге назар аударды.  

– Бұл жағдай біздің Форумның қажеттілігін арттыра түседі, сондай-ақ бізден барынша ынтымақты болуды, АӨСШК мақсаттары мен міндеттерін сапалы жүзеге асыруды талап етеді. Әскери-саяси саладағы сенім шаралары тұжырымдамасын қабылдау әлі де маңызды деп санаймын. Лаңкестікті жою және өркениеттер арасындағы сұхбатқа ықпал ету туралы АӨСШК декларациясын қабылдау осы бағыттағы алғашқы бірлескен қадам болды. Қазақстан АӨСШК мен ШЫҰ арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылуын құптайды, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Азия халыққа мейірімділік пен бірлік құндылығын сіңіретін барлық дәстүрлі діндердің бесігі екенін атап өтті. Сонымен бірге Азия өңірі ядролық қаруы бар және өз әскери әлеуетін белсене артырып отырған мемлекеттер мейлінше көп шоғырланған аймақ болып саналады. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның қуаты жағынан әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартып, Семей ядролық полигонын жапқанын, қазіргі кезде ядролық қаруға қарсы жаһандық қозғалысқа белсене атсалысып отырғанын еске салды.

Қазақстан Президенті топтық ойлау үрдісінің сақталып отырғанына, елдер арасындағы қарым-қатынаста сенім мен ашықтықтың жетіспейтініне тоқталды.

– Бұл бүкіл ядролық таратпау үдерісіне елеулі нұқсан келтіріп, соңғы он жылда, соның ішінде Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттер аясында қол жеткен барлық жетістікті түгел жоққа шығаруы мүмкін. Нақ осы себептен мен Ядролық қарусыз бейбітшілікке қол жеткізу жөніндегі жалпыға ортақ декларация әзірлеуді және қабылдауды ұсындым. Мен бұл идеяның жақтаушысы болдым және солай болып қала беремін. Өңірлік ядросыз аймақтар аясын бұдан әрі кеңейту оны жүзеге асыруға жақсы негіз болады, – деді Мемлекет басшысы.   

Нұрсұлтан Назарбаев осы айдың басында «ядролық бестік» мемлекеттері Орталық Азиядағы Ядролық қарусыз аймақ жөніндегі шартқа мүше елдерге негативтік кепілдік беру туралы хаттамаға қол қойғанын еске салды.

– Бұл оқиға Орталық Азия өңірінің қауіпсіздігін нығайтумен қатар, жалпы жаһандық таратпау режімінде де маңызды белес болып отыр. Болашақта ядролық қарусыз мәртебесін алған өзге өңірлер үшін де осындай аймақ құрылады деп үміттенеміз, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы бейбіт атом энергетикасын дамыту кедейшілікті, жұмыссыздықты, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін шешу үшін маңызды екендігін айтты.

Қазақстан Президенті қауіпсіздік тұрғысынан жіті назар аударуды қажет ететін салаларға назар аударды.

 – Соның бірі – Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру. Елдегі биліктің бейбіт жолмен ауысуындағы маңызды қадам болатын Ауғанстандағы президент сайлауының өткізілуін құптаймыз. Қазақстан халықаралық қоғамдастықтың Сириядағы жағдайды реттеуге күш-жігер жұмсап отырғанын қолдайды. Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс мемлекеттеріндегі жағдайдың тезірек тұрақтандырылуын жақтаймыз. Украинадағы барлық мүдделі тараптарды ішкі саяси жағдайды тұрақтандыру мақсатындағы бейбіт диалогқа шақырамыз, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық ынтымақтастықты кеңейту АӨСШК қызметінің негізгі бағытының бірі екеніне тоқталды.

– Бүгінде Азия – «әлемдік экономиканың локомотиві». Әлемнің экономикасы озық 20 елі тобына Азияның алты елі кіреді. АӨСШК мемлекеттері үлесіне әлемдік ІЖӨ-нің үштен бірі тиесілі. Біздің өңірдің экономикалық дамуын көбіне жаһандық трендтер айқындайды. Біз әлемдік экономикалық дағдарыстың жағымсыз салдарларын еңсеруде пәрменді шаралар қолдана алмаған бүгінгі G-8, G-20 форматтары мен өзге де бірлестіктерді білеміз. Сондықтан да мен 2012 жылы «G-GLOBAL» бастамасын көтердім. Бұл платформа әлемнің XXI ғасырдағы іргелі қағидаттарын қамтиды. «G-GLOBAL» жобасы жалпы әлемдік деңгейде де, өңірлік деңгейде де тиімді шешімдер іздестіруге септігін тигізеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ең өзекті  мәселенің бірі болып отырғанын, ол үшін өңірдің барлық мемлекетінің кешенді күш-жігері қажеттігін, соның ішінде АӨСШК желісі бойынша азық-түлік өндірісіне байланысты нақты тетіктерді әзірлеу керектігін айтты.  

Нұрсұлтан Назарбаев аграрлық сектор үшін де басқа салалар сияқты қолжетімді көлік жүйесін құрудың маңызы зор екенін және бұл үшін Ұлы Жібек жолын қайта жаңғыртудың қолайлы негіз болатынын атап өтті.

– ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Жібек жолының инфрақұрылымдық қорын құру идеясы аса маңызды мәнге ие. Қазақстан Азия құрлығының дәл орталығында орналасқандықтан, біз Жібек жолы жобасының штаб-пәтерін Алматыға көшіру туралы ұсыныс жасағымыз келеді. Ол Азия мен Еуропа мемлекеттерін жалғай отырып, әлемдегі мейлінше ірі көлік жүйесіне айналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті әлемдік экономиканың өсуімен бірге заманауи технологиялар мен энергетикалық ресурстарға қолжетімділік мәселесі барған сайын өзекті болып келе жатқанына назар аударды.

– Азия елдеріндегі энергия ресурстары импорты 2020 жылға қарай 80%-ға жетеді. Бұл сұраныстар әлемдік энергия ресурстары нарығындағы елеулі қатысушы болып саналатын елдер секілді өңірдің үдемелі дамуына Қазақстанның қосатын үлесін айқындайды. Сонымен бір мезгілде балама энергия көздерін дамыту және экологиялық таза технологияларды әзірлеу мәселесі алдыңғы орынға шығады. 2017 жылы Астанада «Болашақтың энергиясы» тақырыбымен «ЕХРО» халықаралық көрмесі өтетінін еске салды. АӨСШК-ға мүше-мемлекеттерді көрме жұмысына барынша белсене қатысуға шақырамыз, – деді Қазақстан Президенті.

Қазақстан Президенті кез келген елдің интеграциялық таңдауы – халықтың әл-ауқаты мәселесі екенін атай отырып, экономикалық интеграция үрдістерінің маңыздылығына тоқталды.

– Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақты Ресей және Беларуспен бірге нақ осы тұрғыдан құрады. Еуразиялық одақ Азия мен Еуропаның арасындағы сауда-экономикалық байланыстарды нығайтатын дәнекерлік көпірге айналады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев АӨСШК базасында Азиядағы қауіпсіздік және даму жөніндегі ұйым (АҚДҰ) құру қажеттігіне сенімді екенін білдірді.

– Ол ЕҚЫҰ-ға сындарлы бәсекелес болуы тиіс. Өзара ынтымақтастық пен өзара түсіністік болмайынша, шығыс дәстүрлері мен құндылықтарын ескермейінше, Батыс Шығыстан тысқары, орнықты дами алмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев әлемде алты жыл бұрын басталған жаһандық дағдарыс әлі күнге дейін еңсерілмегенін, ол қаржы-экономикалық саланы ғана емес, әлеуметтік-саяси және мәдени-рухани саланы да қамтып, ұлғайып келе жатқанын айтты.  

–  Бұл – жүйелі сипаттағы, бүкіл өркениетке ортақ дағдарыс. Сондықтан бізге, Азия елдеріне құрлықты бейбіт түрде өркендетумен өзіміз айналысу қажет. АҚДҰ бұл үдерістегі маңызды құрылымға айнала алар еді. АӨСШК-ге мүше мемлекеттер басшыларын осы мәселенің шешімін кейінге қалдырмауға шақырамын, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы достықтың негізі болып саналатын өзара сенім болашақ халықаралық ұйымның негізгі ұстынының біріне айналуы мүмкін екенін айтты.

Саммитте сөз сөйлеушілер АӨСШК-ні құрудың бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыстарын айтып, ұйымның өңір елдері арасындағы көпқырлы өзара ықпалдастықты қамтамасыз етудегі тиімділігі жоғары екенін атап көрсетті.

Саммит барысында Қытай Халық Республикасы Түркия Республикасынан АӨСШК-ге 2014-2016 жылдардағы төрағалықты қабылдап алды.

 

 


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар