Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

7 сәуір 2013
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Боао азиялық форумы XII сессиясының қорытындысы бойынша отандық БАҚ өкілдерімен кездесті

 

Мемлекет басшысы біздің еліміз форумда Азия құрлығының одан арғы дамуына қатысты өз ұстанымын білдіргенін мәлім етті. Ол бұл іс-шарада сөз сөйлеген мемлекет және үкімет басшылары атап көрсеткендей, Азияның маңызы артып келе жатқанын айтты. 

- Әлем экономикасындағы Азияның рөлі, соның ішінде Қытай Халық Республикасының рөлі айрықша артып келеді. Қытайдың дамуы бізге де оң ықпал ететін болады. Қазіргі сенім мен достық қатынастар жалғасын табады. Бұл ел игілігіне айналмақ, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті Қытайға ресми сапарын қорытындылап, жаңадан сайланған ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен өзара ұстанымдарын айқындап алғанын атап өтті.  

- Біз осы жылдары экономикада да, саясатта да барлық бағыттар бойынша Қазақстан мен Қытай арасында сенім мен өзара достық режімінде орныққан қарым-қатынастарды жалғастыру туралы түбегейлі келісімге келдік. Сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес аясындағы ынтымақтастық пен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне Қытайдың қатысуының маңызы зор, - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев көлік және коммуникация салаларындағы екіжақты өзара іс-қимыл дами беретінін, онда Тынық мұхиттағы Ляньюньган портын пайдалану аса маңызды жоба болып саналатынын айтты.        


Барлық жаңалықтар
 
Өзге де шетелдерге сапарлар
Барлық шетелдерге сапарлар