Жаңалықтар

11 маусым 2008
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аса ірі француз компанияларының басшыларын қабылдады.

Қазақстан Президентінің сапары Франция іскер өкілдерінің ортасында жоғары қызығушылыққа ие болды. Сапар алдында аса танымал француз газетінің бірі «Фигаро» басылымында «Қазақстан: қара алтынның жаңа эльдорадосы» атты мақала жарық көрген болатын.


Басылым өз оқырмандарына Қазақстандағы экономикалық және мұнай саласындағы серпіліс жөнінде, көмірсутек кен орындарын қазып шығару, оның ішінде Қашаған кен орны жөнінде, соңғы 40 жылдың ішінде ашылған аса ірі мұнай кен орындары жөнінде егжей-тегжейлі жазыпты.


Алайда француз кәсіпкерлерін тек мұнай шығару мен тасымалдау саласы ғана қызықтырмайды. Оған Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі «АРЕВА», «Обер энд Дюваль» («ЭРАМЕТ» тобы), «ЕАДС», «Альстом» компанияларының басшыларымен болған кездесулері куә. Бұл компаниялардың барлығы да жоғары технология саласында жұмыс істейді.


«АРЕВА» компаниясының бас атқарушы директоры Анн Ловержон Президентпен атомды энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту жобалары жөнінде пікір алысты.


- Әлемдік экономикадағы дағдарыс жағдайына қарамастан Қазақстан шетелдік инвесторларға тартымды мемлекет болып отыр. «АРЕВА» тобы атомды энергетиканы өндіру саласындағы әлемдік көшбасшы болып табылады. Біздің ынтымақтастық жөніндегі жоспарларымыз өзгеріссіз қалмақ, - деді журналистерге берген брифингте Ловержон ханым.


Бүгін қазақстан-француз экономикалық форумының аясында «АРЕВА» компаниясы мен «Қазатомпром» ҰК ынтымақтастықты кеңейту жөніндегі келісімге қол қойды. Келісім Мойынқұм кен орнының екі жер телімдерінде уран өндірісінің көлемін арттыруды, қуаты 1200 тонналық отын жиынтығы жөніндегі бірлескен кәсіпорын құруды көздейді. Екі компанияның жоспарында уранды байытатын бірлескен өндіріс орнын құру да бар.


«Обер энд Дюваль» компаниясының президенті Жорж Дюваль Қазақстан экономикасының жоғары инвестициялық тартымдылығын ерекше атап өтті.


Парижде қол қойылған тағы бір маңызды құжат - «Эйр Астана» әуекомпаниясы мен басқа да қазақстандық компаниялардың француздық ЕАДС концернінен 9 ұшақ сатып алуға қатысты болып отыр.


ЕАДС концернінің бас стратегиялық маркетингілік директоры Маруан Лахуд Мемлекет басшысымен кездесуден кейін француздық концерннің Қазақстан қажеттіліктеріне орай тікұшақтарды жеткізу және аэроғарыштық саладағы жобаларға қатысуға деген ниетін жеткізді.


Француздық бизнесмендермен кездесу барысында Президент Н.Назарбаев инвестициялық ынтымақтастық саласында Қазақстанның бірлескен өндіріс орындарын, инфрақұрылымдық қызмет көрсетуді құру, технологияны трансферттеу, қазақстандық кәсіпорындарда тапсырыс орналастыру, инженер мамандар мен қызметшілерді оқытуға бағытталған индустриялдық-инновациялық жобаларға басымдық беретінін ескеріп өтті.


Сапар күндері Парижде бизнес форум аясында экономиканың әртүрлі салаларын қамтитын қазақстан-француз экономикалық ынтымақтастығын арттыруға бағытталған 10 келісім мен шарттарға қол қойылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар