Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

25 мамыр 2010
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Абдуллаһ Гүл қазақ-түрік бизнес-форумының жұмысына қатысты.

Кәсіпкерлер форумының жұмысына Қазақстан мен Түркияның 500-ден астам компаниясы қатысты. Ол компаниялар құрылыс және құрылыс материалдары өндірісі, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау саласы, орман шаруашылығы, тоқыма және дайын киімдер өндірісі, мал шаруашылығы, кеме жасау құрылысы, мұнайхимия тәрізді салаларға мамандандырылған.

Өз сөзінде Мемлекет басшысы, Түркия Республикасы Президентінің Қазақстанға жасаған бұл сапары біздің ынтымақтастығымызды ұзақ мерзімді және барынша кеңейте түсуге деген өзара ұмтылысты білдіретінін атап өтті.

Сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың көп бағыттары бойынша біз едәуір нәтижеге қол жеткіздік. Бүгінде Қазақстанда 1,5 мыңға жуық түркиялық компания табысты жұмыс істеуде. Түркиялық капиталдың қатысуымен құрылыс секторындағы, тоқыма және металлургия салаларындағы жобалардың едәуір бөлігі іске асырылды. Биылғы жылы наурызда Шымкентте керамогранит шығаратын бірлескен кәсіпорын жұмысын бастады. Түркиялық «Кибар Холдинг» компаниясымен бірлесіп Павлодар қаласында алюминийді одан әрі өңдеу жөніндегі кәсіпорын құрылуда.

Қазақстанда 2020 жылға дейінгі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы іске асуда. Осы бағдарлама аясында биылғы жылы құны 5 миллиард доллардан астам қаражатты құрайтын 144 жоба аяқталатын болады және құны 26 миллиард долларды құрайтын 47 жаңа жоба басталады.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның іскер топтарының өкілдерін осы жобаларды жүзеге асыруға қатысуға шақырды.

Ол сондай-ақ Қазақстан, Беларусь және Ресей Кедендік одағының құрылуымен түркиялық инвесторлар үшін мүмкіндіктер ашылатынына назар аударды.

- Бұл - 170 миллионға жуық адамы бар, жалпы ішкі өнімінің жиынтығы 2 триллион долларды құрайтын бірыңғай тауарлы рынок, - деп атап өтті Н.Назарбаев.

Өз кезегінде, Түркия Президенті Қазақстанның экономикалық даму деңгейіне жоғары баға берді. Ол сондай-ақ Қазақстанның елордасы – жаңа Астана құрылысының қарқынына таңданысын білдірді.

- Қазақстан Азияның жүрегі ғана емес, сондай-ақ осы өңірдегі жарық жұлдыз, - деп атап өтті А.Гүл.

Түркия Президенті сондай-ақ түркиялық бизнесмендерді Қазақстан экономикасына қаржылай инвестиция салуға шақырды.

- Қазақстан – әлемдегі ең таңдаулы мемлекеттің бірі, осы орайда мұнда барлық мүмкіндіктер бар,- деді Түркия Президенті. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар