Жаңалықтар

19 желтоқсан 2011
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің және ЕурАзЭҚ-тың Мемлекетаралық кеңесінің отырыстарының қорытындысы бойынша қазақстандық журналистер үшін брифинг өткізді.

Мемлекет басшысы отырыстар барысында Бірыңғай экономикалық қоғамдастықты құрудағы, Кеден одағын одан әрі дамытудағы және ЕурАзЭҚ-тың қызметін жетілдірудегі өзекті мәселелер талқыланғанын атап өтті.

- Бүгін біз 2012 жылдың 1 қаңтарында күшіне енетін, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің нормативтік-құқықтық базасын қалыптастыратын 17 келісімге қол қойдық. Біз екі жылдан бері Кеден одағы аясында жұмыс істеп келеміз. Сауда жылдам қарқынмен дамуда. Ресей мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жақындады. Қазақстан мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 40 пайызға өсті. Бірыңғай экономикалық кеңістііктің қалыптасуы тауарлардың, жұмыс күші мен капиталдың еркін қозғалысына мүмкіндіктер туғызады. Бұл инвесторлардың біздің елімізге елеулі қызығушылығын күшейтеді. Қазақстан экономикасына қаржы салатын инвесторлар 170 миллион адамдық рынокқа шығады. Мен сонымен қатар, ЕурАзЭҚ-қа мүше елдер Қырғызстан  мен Тәжікстан, ЕурАзЭҚ жанындағы бақылаушы Армения БЭК-ке ынтымақтастық жөніндегі серіктеске айналса деген ұсыныс енгіздім. Барлық қажетті рәсімдерді пысықтайтын жұмыс тобы құрылуы қажет. Біз ашық ұйымбыз. Сондықтан біз Қырғызстан, Тәжікстан және Арменияның Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру үдерісіндегі ықпалдастыққа үлкен қанағаттанушылықпен мүмкіндік туғызған болар едік. Мен бұл өте маңызды шешім деп санаймын, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар