Жаңалықтар

18 шілде 2006
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Латвия Республикасындағы мемлекеттік сапары жалғасуда.

185.jpg

186.jpg

Латвия Президенті резиденциясында өткен ресми салтанаттан кейін Нұрсұлтан Назарбаев пен Вайра Вике-Фрейберга шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі жандандыру жолдарының кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ Балтық және Орталық Азия өңіріндегі ахуалды, халықаралық сипаттағы бірқатар мәселелерді талқылады.

Екі ел басшылары көлік, транзит, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм, жеңіл және тамақ өнеркәсібі салаларындағы ынтымақтастықтың әлеуеті зор екенін атап өтті.

Келіссөздер барысында қазақстандық көмірсутегіні Еуропа нарығына экспорттау үшін Вентспилс портына тартылған құбыр арнасын өзара тиімділікпен пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізді.

Келіссөздер қорытындысында екі ел басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды, онда Латвияның Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету жөніндегі кандидатурасына қолдау көрсетуі атап көрсетілген. Латвия жағы сондай-ақ Қазақстанның БСҰ-ға кіру мәселесінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Мемлекеттік сапар аясында Қазақстан Республикасының Астана Әкімдігі мен Латвия Республикасының Рига Думасы арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, денсаулық сақтау, мәдениет, білім, туризм және спорт салалары бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойды.

-Қазақстан Орталық Азиядағы көшбасшы ел болып табылады. Бұл жаһандық ауқымдағы маңызды мемлекет. Қазақстанның адами ресурстарды дамытуға көп күш-жігер салып отырғаны аса маңызды. Біз ақпараттық технологиялар, білім, транзиттік-көлік әлеуетін пайдалану салаларында үлкен әлеуетке иеміз, - деді Вайра Вике-Фрейберга журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Қазақстанның Латвия теңіз порттарын жекешелендіруге, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға мүдделі екенін атап өтті.

Қазіргі таңда Вентспилс теңіз портында қайта тиеу жөніндегі ірі көлемдегі алғашқы Қазақстан-Латвия бірлескен кәсіпорыны құрылды.

-Қазақстан қазірдің өзінде капиталды экспорттауда. Айталық, былтырғы жылы қазақстандық компаниялардың сыртқы нарықтағы инвестициясының көлемі 15 миллиард долларды құрады. Қазақстан үшін Латвияның сауда порттары қызығушылық тудырады. Сіздердің елдеріңіз Қытай нарығына шығуға мүдделі. Қазақстан мен Латвия арасында осы өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға тосқауыл болатын ешқандай да проблема жоқ, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшылары баспасөз мәслихатынан кейін Бостандық Монументіне гүл шоқтарын қойды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар