Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

17 қыркүйек 2007
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев 14-15 қыркүйек аралығында жұмыс сапарымен Павлодар облысында болды.

Мемлекеттік хатшы осы өңірдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының қазіргі ахуалымен және келешегімен танысты.


Сапар барысында білім беру мен денсаулық сақтау салаларының инфрақұрылымы мен қызмет көрсетулеріне айрықша назар аударылды. Бірқатар мектептер мен ауруханаларды аралап көрген Мемлекеттік хатшы: «Біз бүгінде осыдан 15 жыл бұрын тәуелсіздігін жаңа алған елден мүлдем бөлек Қазақстанда өмір сүрудеміз. Бүкіл Қазақстан бойынша Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың облыс орталықтарында ғана емес, ауылдарда да мектептер мен ауруханалардың саны мен сапасын елеулі түрде арттыру жөніндегі қуатты әлеуметтік бағдарламасы ойдағыдай іске асырылуда. Павлодар облысы осының айқын дәлелі болуда. Мемлекет әр жыл сайын әлеуметтік салаға бөлінетін қаржыны ұлғайтып отырған бүгінгі таңда, әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейін арттыру барлық жергілікті атқарушы және өкілетті органдар үшін маңызды басымдық болып табылады», деп мәлімдеді.


Осы орайда, облыстық мәслихат депутаттарының алдында сөз сөйлеген Қанат Саудабаев жүргізілген конституциялық реформалар аясында мәслихаттар өкілеттігінің күшеюі оларға зор жауапкершілік жүктейтінін мәлімдеді. «Енді сіздер өңірлердің даму бағдарламасын әзірлеп, қабылдауға тікелей атсалысатын боласыздар және олардың тиімді іске асырылуына бақылау жасау міндеті жүктеліп отыр», деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшы.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар