Жаңалықтар

27 мамыр 2008
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев Қазақстан, Ресей, Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Германия және басқа да елдердің мемлекет қайраткерлері, дипломаттары, сарапшылары мен ғалымдарының қатысуымен Парламентте өткен «Н.Ә.Назарбаевтың Еуразиялық доктринасы: Шығыс пен Батыстың сұхбаты» атты халықаралық конференцияда сөз сөйледі.

- Үлкен тарихтың көзімен қарасақ, кеше ғана өзінің тәуелсіздігін алған Қазақстанға егеменді ел ретінде қалыптасу мен әлемдік дамудың көшінде қалып қоймау міндеті тұрды. Бүгін, сол оқиғадан бері 16-ақ жыл өткенде біз Қазақстанның осынау қиын міндетті абыроймен атқара білгенін көреміз. Әрине, еліміздің әлемде өз орны мен рөлін табу жолындағы күресі өте күрделі болды. Осы кезде Президент Нұрсұлтан Назарбаев нағыз көшбасшыға тән үлкен көрегендік танытқанын айта кету керек. Мемлекет басшысы аса маңызды ұзақ мерзімдік перспективаға жету жолында қандай да болсын қиындықтарға қарамай батыл қадамдар жасай білді. Бүгін сол қадамдардың барынша дұрыс болғанына, тіпті жалғыз дұрыс жол болғанына көзіміз жетіп отыр, деді Мемлекеттік хатшы.


Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен Қазақстан біздің күрделі аймағымыз бен бүкіл әлемнің тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті. Соның бір көрінісі ретінде Қазақстанның әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқанын айтқан жөн. Сонымен бірге, сол 90-шы жылдардың басынан бері Н.Назарбаев еуразиялық интеграция идеясының бастамашысы болды. Барлық әлемде аймақтық интеграциялар өзінің оң нәтижесін беріп жатыр, дей келіп, Қ.Саудабаев мысал ретінде Еуроодақты, Оңтүстік-Шығыс Азиядағы АСЕАН-ды, Латын Америкасындағы МЕРКАТУР-ды атады. Әлемдік рыноктағы қатаң бәсекелестікке бірде-бір ел жалғыз-жарым төтеп бере алмайтынын бүкіл әлем мойындап отыр. Н.Назарбаевтың Еуразия идеясының іске аса бастағанын ЕурАзЭҚ, ШЫҰ мен АӨСШК секілді халықаралық ұйымдардың құрылғанынан көруге болады.


Осылай деген Мемлекеттік хатшы олардың құрылу негізінде Н.Назарбаев идеясының жатқанын атап өтті. Одан әрі шешен осы идеяның іске асуына жетелейтін үнқатысуларды Қазақстан жиі өткізе беретінін, соның бірі үстіміздегі жылдың қазан айында Астана қаласында мұсылман және батыс елдері сыртқы істер министрлерінің қатысуымен “Ортақ әлем: әртүрлілікпен прогреске жету” атты халықаралық форум болатынын көлденең тартты. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде де осы идеяны іске асыру жолындағы өрелі істер өрістей береді. Сөзінің соңында Қ.Саудабаев, Батыс пен Шығыстың бірлесіп, ортақ тіл табысуы бүгінгі күні аса маңызды мәселе дей келіп, жиынға қатысушылардың жұмысына сәттілік тіледі. ("Егемен Қазақстан", 2008 жылғы 28 мамыр)


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар