Жаңалықтар

18 желтоқсан 2008
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қанат Саудабаев ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің алқа мәжілісіне қатысты.

Алқа мәжілісіне қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Мемхатшы тәуелсіздік жылдарының барлық кезеңінде де Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұлтымыздың денсаулығын сақтауды әлеуметтік-экономикалық дамудың ең басым бағыттарының бірі ретінде қарастырып келгенін атап өтті. Мемлекетіміз халықтың денсаулығын қорғау мәселесінде әрқашан қамқорлық пен қажетті жағдайлар жасау үстінде. Тек қана соңғы бес жылда денсаулыққа бөлінген қаражат үш есе өсіп, 400 миллиард теңгеге жетті. Осы жылдың басынан бері Президенттің бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау саласы бойынша, алғашқы дәрігерлік-санитарлық көмекті қоса алғанда, 148 жаңа нысан пайдалануға берілді. Осы салаға беріліп жатқан ауқымды инвестициялар медициналық мекемелердің инфрақұрылымдарын жақсартуға, дамытуға және осы бағыттағы құрылыс нысандарын салуға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр.


- Мен осы орайда, әлемдік қаржы дағдарысының тигізіп отырған келеңсіз әсеріне қарамастан Президентіміздің мемлекеттің 2012 жылға дейінгі әлеуметтік міндеттемелерді сенімді түрде қабылдап отырғанын айрықша айта кеткім келеді. Бұл деген сөз – халықтың әл-ауқаты мен денсаулығы Елбасымыздың күнделікті назарында деген сөз, - деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшы.


- Бүгін осы залда еліміздің денсаулық сақтау саласының барлық буындарының өкілдері қатысып отыр. Сіздердің алдарыңызда ұлы міндет – ұлтымыздың денсаулығы мен амандығын қамтамасыз ету міндеті тұр. Бұл міндет Сіздерге өте үлкен жауапкершіліктер жүктейді. Бүгін осы жерде отырғандардың көбі Нұрсұлтан Әбішұлы қатысқан Шымкенттегі мәжілісте болғандар. Сол бас қосуда Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласының күрделі мәселелерін үлкен алаңдаушылықпен айтқан болатын. Бүгінгі таңда Елбасымыз бұл саланың қаражаттық және материалдық-техникалық барлық сұрақтарын толық шешіп берді. Ендігі іс Сіздерге тікелей байланысты. Президент сіздерден саланың жұмысын жанды түрде жақсартуды, отандастарымызға көрсетілер медициналық қызметті жаңа деңгейге көтеруді талап етіп отыр, - деді Мемлекеттік хатшы өзінің сөзін қорытындылай келе.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар