Жаңалықтар

15 маусым 2006
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайдағы халықаралық конференциялар орталығында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары отырысына қатысып, сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Шанхайдағы халықаралық конференциялар орталығында өткен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары отырысына қатысып, сөз сөйледі.

 
- Біз мерейтойын атап өтіп отырған Шанхай ынтымақтастығы ұйымының тарихи қысқа мерзімде қанаты қатайып, бүкіл әлем алдында осы заманғы халықаралық қарым-қатынастардың маңызды факторы болуға қабілеттілігін көрсете алды. Бүгінгі таңда әлемді ШЫҰ-сыз көзге елестету қиын. Біз ШЫҰ бірлескен күш-жігердің арқасында өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықтың кепілі ретінде өзінің ұстанымын дәйектілікпен нығайтып келе жатқанын қанағаттанғандық сезіммен атап өткіміз келеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде.

 

Қазақстан Президентінің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары отырысында сөйлеген сөзінің мәтінін қараңыздар.

 
ШЫҰ-ға қатысушы елдер басшылары ұйым шеңберіндегі көпсалалы практикалық ынтымақтастықты одан әрі тереңдету мәселелерін талқылады, сондай-ақ қауіпсіздік пен тұрақтылық саласындағы жаһандық және өңірлік деңгейдегі өзекті проблемалар төңірегінде, бейбітшілікті қамтамасыз ету және уақыттың жаңа ығыты мен қатерлеріне қарсы іс-қимылдар жасау жөнінде пікір алмасты. Ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын нығайту мәселелерін қарады. Сонымен қатар, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуші мемлекет және Ұйымға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің 2007 жылы өтетін кезекті отырысының өту уақыты мен орны жөніндегі мәселелер қаралды.

 
Мемлекет басшылары ШЫҰ Бесжылдығы декларациясы мен халықаралық ақпараттық қауіпсіздік туралы мәлімдемеге қол қойды, ШЫҰ Хатшылығы туралы ереженің жаңа нұсқасы мен ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Лаңкестік, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрестегі 2007-2009 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасын бекітті. Сонымен бірге ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесі 2007-2009 жылдары аралығында Қазақстан өкілі Болат Нұрғалиевті ШЫҰ Бас хатшысы етіп бекіту туралы шешім қабылдады. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімімен ұйымның келесі төрағасы Қырғыстан Республикасы болады.

 
ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер президенттерінің қатысуымен «ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер аумағында лаңкестікке қарсы бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру және өткізудің тәртібі туралы», «Лаңкестік, сепаратистік және экстремистік әрекеттерге қатысы бар тұлғаларды анықтау және олардың ШЫҰ елдерінің аумағына ену арналарын жою саласындағы ынтымақтастығы туралы келісімге», «Білім саласындағы ынтымақтастық туралы ШЫҰ мемлекеттері үкіметтері арасындағы келісімге», «ШЫҰ аясында банкаралық бірлестікке мүше-банктердің арасындағы аймақтық экономикалық ынтымақтастықты қолдаудың іс-қимыл бағдарламасына» және ШЫҰ Іскерлік кеңесінің шешімі жөніндегі келісімдерге қол қойылды.

 
Отырыстан кейін ШЫҰ-ға қатысушы елдер басшыларының бірлескен баспасөз мәслихаты өтті.

 
- Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының бүгінгі кездесуінің айрықша тарихи мәні бар. Біз ШЫҰ құрылуының бесжылдығын және «Шанхай бестігі» тетігінің іске қосылуының 10 жылдығын атап өтудеміз. Саммит бағдарламасы аса тартымды әрі жан-жақты болды. ШЫҰ кеңістігінде қауіпсіздікті, бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше мән берілді, бұл біздің Ұйым үшін айрықша маңызға ие. Біз экономикалық, атап айтқанда энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы, сауда және инвестиция салаларындағы өзара іс-қимыл қарқынын мейлінше жандандыру қажеттігі жөнінде келісімге келдік.

 

ШЫҰ біртіндеп халықаралық саясаттың толыққанды факторына, Орталық Азиялық өңіріндегі дербес әрі жауапты серіктеске айналып келеді. Осыған орай халықаралық қоғамдастық тарапынан ШЫҰ қызметіне деген қызығушылық күшейіп отыр. ШЫҰ-ның халықаралық ұйымдармен белсенділікпен дамып келе жатқан байланыстары оның беделінің артып отырғандығын айғақтайды, - деді Қазақстан Президенті баспасөз мәслихатында.

 

Мемлекет басшысының баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінің мәтінін қараңыздар.

 
Кешкісін ҚХР Төрағасы атынан ресми қабылдау болып, соңы гала-концерт және Ұйымға қатысушы елдер өнерлерінің қорытынды фестиваліне ұласады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар