Жаңалықтар

17 наурыз 2010
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстан Республикасына сапары табысты өтті.
small-01

Ташкенттегі «Көксарай» резиденциясында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовтың кездесулерінің ресми рәсімі болып өтті. Кездесудің ресми рәсімінен кейін екі елдің басшылары шағын құрамда кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақ-өзбек қарым-қатынастарының одан әрі даму мәселесі талқыланды.

Одан кейін Қазақстан мен Өзбекстанның ресми делегацияларының кеңейтілген құрамдағы келіссөздері жүргізілді.

Келіссөздер барысында инвестиция, ауыл шаруашылығы, транзиттік-көлік әлеуетін тиімді пайдалану салаларындағы Қазақстан мен Өзбекстанның ынтымақтастығын тереңдету мәселелері қаралды. Сондай-ақ, өзара қызығушылық тудыратын халықаралық және өңірлік проблемалар туралы пікірлер алмасылды.

Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан мен Өзбекстан кең ауқымды мәселелер жөнінде өзара тиімді іс-қимыл үшін барлық мүмкіндікке ие. Біздің мемлекеттердің арасында 140 құжатты құрайтын салмақты шарттық-құқықтық база құрылды. 2016 жылға дейінгі Экономикалық ынтымақтастық стратегиясы іске асырылуда.

Кездесу кезінде екі елдің көшбасшылары орталық-азиялық өңірдегі су-энергетикалық ресурстарды бірлесіп пайдаланудың өзара қолайлы тетіктерін тездетіп әзірлеуге өзара мүдделі екендіктерін білдірді.

Сондай-ақ, екі елдің басшылары өңірде жаңа суэнергетикалық ғимараттардың құрылысының жобаларына, атап айтқанда, Тәжікстандағы Рогунск СЭС (ГЭС), Қырғызстандағы Қамбарата объектісінің экологиялық және техникалық қауіпсіздігіне халықаралық сараптама жүргізу жайлы пікірлерін білдірді.

Келіссөздер барысында Ауғанстандағы жағдайды және осы елге халықаралық тұрғыда көмек көрсету мәселесін талқылауға үлкен мән берілді.

Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңестің төрағасы құқығында, Қазақстан Президенті Өзбекстан Президентін биылғы жылы 7-9 маусымда Стамбұлда өтеді деп жоспарланған АӨСШК-тің үшінші Саммитіне қатысуға шақырды.

Кездесулердің қорытындысы бойынша екі мемлекеттің басшылары Бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Қазақстан мен Өзбекстан Президенттерінің қатысуларымен бірқатар екіжақты келісімдерге - дипломатиялық өкілдіктер ғимараттарын са­луға жер учаскесін өзара бөлу туралы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің арасындағы ынтымақ­тас­тықтың 2010-2011 жылдарға арналған бағ­дарламасына, Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі мен Өзбекстан Республикасының Мәдениет істері және спорт жөніндегі министрлігінің арасындағы мәдениет саласындағы ынтымақтастықтың 2010 – 2012 жылдарға арналған бағдарламасына қол қойылды.

Екі елдің басшылары келіссөздердің қорытындысы бойынша бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Қазақстан Республикасының осы ресми сапарын өзбек тарабы өзара тиімді қазақ-өзбек ынтымақтастығын дамытудағы маңызды оқиға, біздің елдеріміздің арасындағы көпжоспарлы қарым-қатынастарды одан әрі нығайтудағы өзара тиімді мүделіліктің нақты белгісі ретінде қарастыратынын атап өтті.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы Өзбекстан өңірдегі ірі мемлекет болып табылатынын атап көрсетті.

- Біздің халықтарымыздың тамыры бір, бізді бауырластық тарихы, көршілестігіміз байланыстырады. Біз Өзбекстан басшылығына ЕҚЫҰ-на біздің төрағалық етуімізді және Астанада ЕҚЫҰ Саммитін өткізуімізді қолдағаны үшін алғыс айтамыз.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Қазақстандағы өзбек диаспорасы және Өзбекстандағы қазақ диаспорасы біздің елдеріміздің арасын жалғап тұрған «көпір» болып табылатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Өзбекстан Президенті И.Каримовты Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Ислам Каримов шақыруды қабыл алды.

***


Ресми сапардың екінші күні Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Ислам Каримов «Тәуелсіздік және гуманизм» монументін аралады. Мемлекет басшылары «Тәуелсіздік және гуманизм» монументі аллеясымен серуендеді.

Одан кейін екі елдің басшылары «Хазреті Имам» бірегей архитектуралық кешенін аралады.

Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты таяуда қаланың орталығында бой көтерген жаңа Форум сарайымен таныстырды. 


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар