Жаңалықтар

6 наурыз 2008
Мемлекет басшылары Нұрсұлтан Назарбаев пен Виктор Ющенко Қазақстан-украина бизнес-форумының жұмысына қатысты.

Бизнес-форумға 130 қазақстандық компания, украина жағынан машина жасау, құрылыс, ауыл шаруашылығы, көлік, энергетика, жеңіл өнеркәсіп және экономиканың басқа да салаларымен айналысатын 80 компания қатысты.


Қазақстан мен Украина кәсіпкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде Президент Н.Назарбаев бүгінгі бизнес-форум екі елдің компаниялары мен кәсіпорындары үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынына және кооперациялық байланыстар орнатуға жәрдемдесетініне үміт білдірді.


- Бізде оған қажеттінің бәрі бар, оның ішінде екі мемлекеттің саяси ерік-жігері нық, - деді Мемлекет басшысы.


Президент Қазақстан үшін де, Украина үшін де көлік, отын-энергетика, агроөнеркәсіп, әуе-ғарыш салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру маңызды екендігін атап өтті. Екі ел Үкіметтері бірлескен бизнес жүргізуге қажетті барлық алғышарттарды жасады.


- Қазақстандағы жайлы салықтық-инвестициялық ахуал, дамыған банк-қаржы жүйесі біз іске асыруды жоспарлап отырған жобаларды жүзеге асыруға украиналық іскер топ өкілдерінің белсенді қатысуы үшін тамаша мүмкіндік береді, - деді Н.Назарбаев.


Қазақстанда экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру стратегиясы аясында жаңа даму институттары, сондай-ақ өңірлердің экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары құрылды.


Мемлекеттік-жеке әріптестік дамып отыр.


Мемлекет басшысы бүгінгі бизнес-форумның нәтижесінде жаңа келісім-шарттарға қол қойылып, бірлескен жобалар жүзеге асатынына, Қазақстан мен Украина кәсіпкерлерінің арасындағы өзара іс-қимыл арта түсетініне сенім білдірді.


Мемлекет басшысының сөйлеген сөзін мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар