Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

26 мамыр 2012
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында Мойнақ су-электр стансасының екінші су агрегатын іске қосуға қатысты.

Су-электр стансасында Президент екінші су агрегатын іске қосуға белгі берді, дәл сол сәттен бастап Мойнақ СЭС толығымен пайдалануға берілді.

Су-электр стансасы құрылысының жобасын жүзеге асыруға «Самұрық-Энерго» АҚ, «АҚ Бірлік» АҚ, Қазақстан Даму Банкі, Қытай су шаруашылығы және энергетика халықаралық корпорациясы қатысты.

Мойнақ су-электр стансасының ресми іске қосылу рәсімінен соң «Самұрық-Энерго» АҚ басқармасының төрағасы А.М.Сатқалиев Қазақстан Президентіне стансаның екінші гидрогенераторында іске қосу жұмыстарының аяқталғаны туралы баяндады.

Мойнақ СЭС – Қазақстандағы ағыны қатты бірегей су стансасы және ТМД кеңістігі бойынша су қысымы 500 метрді құрайтын үш су-электр стансасының бірі. Бұл гидроимараттың республикада және Азия өңірінде баламасы жоқ. Станса қуаттылығы 300 мВт, ал өндірілетін жылдық орташа электр қуаты 1,027 миллион киловатт сағатты құрайды. Пайдалануға берілген соң су-электр стансасы Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі ең үлкен жүктемені жабатын аса маңызды маневрлік қуат көзі және Орталық Азиядағы қуат жүйелерінің реттегіш қуатының импортына еліміздің энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ететін елеулі факторға айналатын болады.

СЭС электр қуатынының негізгі тұтынушылары қуат жетіспеушілігін Қырғызстаннан экспорттау арқылы өтеп отырған Қазақстанның оңтүстік облыстары және Алматы қаласы болады. Оған қоса стансаның маңызды әлеуметтік мәні бар. Жоба аясында жаңа жұмыс орындары ашылды, ал СЭС құрылысы барысында салынған инфрақұрылым нысандары – жолдар, электр желілері, жаңа үйлер қазірдің өзінде адамдардың игілігіне қызмет етуде.

Мойнақ СЭС құрылысы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елді үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бағдарламасы шеңберінде басталып, қазіргі уақытта толығымен аяқталды. Жобаның жалпы құны 10,3 миллиард теңгені құрады.

– Алматы облысы қарқынды дамуда. Соңғы жылдары мұнда ірі инфрақұрылымдық нысандар қатарға қосылуда. Мен өңір тіршілігіне айтарлықтай өзгеріс әкелетін «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығы жобасының жүзеге асырылу барысымен, «Мойнақ» СЭС құрылысымен таныстым. Биыл қуаты 300 мегаватт болатын Мойнақ СЭС іске қосылған кезде аймақта электр қуатының жетіспеушілігі мәселесі шешілетін болады. Жаңа «Жетіген – Қорғас»  жолы мен «Қорғас» сауда орталығы Қазақстанның әлемдік нарыққа шығу  мүмкіндіктерін бұдан да арттыра түседі. Сонымен қатар, бұл Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік тасымалдар мөлшерін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мен өңір тұрғындарына тың табыстар мен сәттілік, игілік пен өркендеу тілеймін! – деді Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Алматы облысына жұмыс сапарының қорытындысы бойынша.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар