Жаңалықтар

4 мамыр 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға екі күндік ресми сапармен келген Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмоновпен кездесті.

212.jpg

213.jpg

Мемлекет басшылары өзара келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері жөнінде пікір алмасты.

 
- Біздің ресми және бейресми жағдайда жиі кездескеніміз белгілі, алайда бұл Сіздің Астанаға жасаған алғашқы ресми сапарыңыз. Қазақстан мен Тәжікстанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Бүгінгі таңда, сіздердің экономикаларыңыздың өсуі жағдайында осы қарым-қатынастарға, атап айтқанда сауда, көлік және коммуникациялар салаларына және өзге де бағыттарға жаңа серпін беру қажет. Біз Сізді біздің еліміздің досы ретінде қабылдаймыз, - деді Қазақстан Президенті өзара келіссөздердің басталуында.

 
Тәжікстан Президенті Мемлекет басшысына Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс білдірді.

 
- Осында әр келген сайын біз таңқаларлық үлкен өзгерістерді байқаймыз. Бізді Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан қол жеткізген экономикалық табыстар қуантады. Бізге, жас егеменді елдерге, әсіресе орталық-азиялық мемлекеттерге Сізден біраз нәрсені үйренуге болады. Аса жоғары деңгейде дайындалған құжаттар біздің екі жақты қарым-қатынастарды кеңейту үшін жақсы құқықтық негіз болмақ. Тәжікстан халқы Сізді өте жақсы біледі және ықпалдастық процестерін қолдайтын көшбасшы ретінде сыйлайды, - деді Э.Рахмонов Мемлекет басшысына. Ол Нұрсұлтан Назарбаевты Тәжікстанға ресми сапармен келуге шақырды.

 
Екі елдің Үкімет мүшелері және іскер топ өкілдері қатысқан кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында сауда-экономикалық, әлеуметтік және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету мәселелері, сондай-ақ қазақстандық компаниялардың Тәжікстандағы инвестициялық қызметін дамытудың келешегі талқыланды.

 
- Қазақстан мен Тәжікстанның арасындағы қарым-қатынас тату көршілік, достық пен сенімге құрылған. Біздің елдеріміз арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты және ЕурАзЭҚ, ТМД және өзге де аймақтық бірлестіктер аясындағы өзара қарым-қатынастарды нығайту мәселелері бірінші орын алады. Бүгін біз екі ел экономикасының өзара кірігуі, сіздің елдің экономикасына қазақстандық капиталдың қатысуы туралы айтып отырмыз. Қазақстандық тәжірибемен қатар біздің компаниялар сіздердің экономикаларыңыздың жандануына ықпал етеді. Біздің өзара қарым-қатынастарымыз әрдайым ыстық ықыласымен және достығымен ерекшеленеді. Қазақстан қиын кезеңдерде әрқашан Тәжікстанмен бірге болды, Тәжікстан Қазақстанның бастамаларына әрдайым қолдау көрсетіп келеді, - деді Қазақстан басшысы кеңейтілген құрамдағы келіссөздердің ашылуында.

 
Тәжікстан Президенті Қазақстанға жасалған осы ресми сапардың жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге тигізер маңызын атап өтті.

 
- Біз бауырлас Қазақстанға жасалған ресми сапарға аса мән береміз. Бұл сапардың Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы қарым-қатынастарды дамытудың барлық кешеніне мықты серпін беретініне сенімдіміз. Біздер бірінші кезекте экономикалық ынтымақтастық мәселелеріне назар аударамыз. Қазақстан соңғы жылдары экономикалық дамуда және инвестиция тартуда асқан табыстарға қол жеткізді. Бізді достарымыздың осындай табыстары шын жүректен қуантады. Біз сіздерден экономикалық дамудың теңдесіз тәжірибесін алмасу тиімді деп есептейміз, - деді Тәжікстан Президенті.

 
Келіссөздердің қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев пен Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Ш.Рахмонов Бірлескен мәлімдемеге қол қойды.

 

Сондай-ақ, тараптар Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы еңбек қызметін және еңбекші-мигранттардың құқығын қорғау туралы келісімге; Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы халықаралық автокөлік қатынасы туралы келісімге; Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы құпия ақпараттарды өзара қорғау туралы келісімге; Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы экономикалық қылмыстар мен салық заңнамаларын бұзуға қарсы ақпараттар алмасу жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге; ҚР Білім және ғылым министрлігі мен ТР Үкіметі жанындағы жастар ісі жөніндегі комитет арасындағы мемлекеттік жастар саясаты аясындағы ынтымақтастық туралы келісімге; ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ТР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасындағы өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

 
Құжаттарға қол қою рәсімі  аяқталған соң бірлескен баспасөз мәслихаты өтті.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар