Жаңалықтар

16 сәуір 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанаға ресми сапармен келген Үндістан Республикасының Премьер-Министрі Манмохан Сингхпен кездесті.
02e

Ақордада өткен ресми рәсімнен кейін шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер болып өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх халықаралық және аймақтық ұйымдардың ынтымақтастығы мен екіжақты өзара іс-қимылдың едәуір өзекті  мәселелері бойынша толықтай пікір алмасты.

- Сіз Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Біздің елімізде болып өткен президенттік сайлаудан кейін Қазақстанға келген алғашқы мемлекет жетекшісісіз. Осы мүмкіндікті пайдаланып, крикет бойынша біріншіліктің финалында тамаша жеңіске жеткен үнділік достарды құттықтаймын. Біз жаңа ғана Премьер-Министр мырзамен халықаралық және мемлекетаралық қатынастардағы пролемалардың үлкен аясы бойынша пікір алмастық және біздің мемлекеттеріміз қаржылық дағдарыстан табысты шыққанын атап өттік. Үндістанда - өсім 8,6 пайыз. Қазақстандық экономика 7 пайызға артты. Біз өзіміз ынтымақтастық жасайтын мәселелердің ауқымды тізбесін қарадық. Оларды жүзеге асыру үшін бүгінде стратегиялық серіктестікті дамыту жөнінде жол картасы қабылданатын болады. Стратегиялық серіктестік туралы мұндай құжатқа менің 2009 жылы Делиге сапарым аясында қол қойылған болатын. Біз үкіметаралық комиссияның жұмысын жандандыруға, бизнес-жобалар бойынша бірлескен жұмыстар жүргізуге және Қазақстанда Үндістанның, Үндістанда Қазақстанның мәдениет жылын өткізу арқылы біздің халықтарымызды жақындастыруға, парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға, жастардың білім беру бағдарламасы, Қазақстандағы индустриаландыруға үнділік компаниялардың қатысуы және техникалық прогресс жөнінде келісім жасастық. Бұл мәселелер бойынша біздің пікіріміз бірыңғай болып келеді. Біз Үндістанды саяси ынтымақтастық бағытындағы идеямызды ұстанатын біздің тату көршіміз ретінде санаймыз, - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде, Үндістан Премьер-Министрі қонақжайлық үшін алғысын айта келе, Мемлекет басшысын президенттік сайлаудағы тамаша жеңісімен құттықтады.

- Бұл менің Сіздердің ұлы елдеріңізге алғашқы сапарым. Мен Қазақстанға Сіздің 2009 жылы Үндістанға жасаған табысты сапарыңыз негізіндегі диалогты жалғастыру үшін келіп тұрмын. Сізді Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауы кезіндегі жеңісіңізбен тағы да құттықтауыма рұқсат етіңіз. Барша Қазақстан халқының Сізге соншалықты сеніммен қарауы – Сіздің ерлігіңіздің айқын көрінісі болып табылады. Әсем де зәулім Астана Сіздің жасампаз басшылығыңыздың символы болып табылады. Үндістан өзінің Қазақстанмен қарым-қатынасына үлкен мән береді. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық үшін үлкен әлеует бар, - деп атап өтті Үндістан Премьер-Министрі.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжаттарға: Азаматтық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы келісімге, «Жол картасы» аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Үндістан Республикасы Үкіметі арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту жөніндегі іс-қимылдың бірлескен жоспарына, үндістандық «ONGC Videsh Limited» компаниясының пайдасына «Сәтбаев» жобасының 25 пайыздық үлесін беру туралы келісім жөніндегі құжаттар топтамасына қол қойылды.

Ресми бағдарлама аяқталғаннан кейін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх брифинг өткізді.

- Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх өз қызметінде алғаш рет ресми сапар жасап отыр. Ол Қазақстанға сайлау өткеннен кейін келген алғашқы шетелдік құрметті қонағымыз. Мен 2009 жылы Нью-Делиге сапарымды әрдайым есіме аламын. Өйткені мен сол уақытта Үндістанда ерекше мән берілетін үлкен мереке – Тәуелсіздік күні құрметті қонақ ретінде шақырылған едім. Үндістан Қазақстанның жетекші серіктесі, біздің ұлы көршіміз болып табылады, және біз барлық бағыттар бойынша қарым-қатынастарымызды кеңейтуге қызығушылық танытып отырмыз, - деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгінде орталықазия аймағындағы Үндістанның саудасының жартысынан астамы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

- Бізде перспективалық жобалар, энергетика, жоғары технология, ауыл шаруашылығы, фармацевтика салаларындағы бірлескен жұмыстар аз емес. Дегенмен, сауда айналымы үлкен емес, дағдарыс жылында 24 пайызға төмендеді, алайда өткен жылы көтеріліп, дағдарысқа дейінгі деңгейге жетті, яғни 360 млн. долларға жуықтады. Бұл цифр екі елдің әлеуеттік мүмкіндігіне жауап бере алмайды. Осы сапар барысында қол қойылған Стратегиялық әріптестікті дамыту жөніндегі іс-қимылдың бірлескен жоспары біздің бірлескен жұмысымыздың барлық саласындағы индустриалдық өзара іс-қимылымызға жаңаша серпін береді. Біз бүгін екіжақты қатынастардағы көршілер үшін өте маңызды құжатқа – құқықтық көмек көрсету туралы келісімге қол қойдық. Біз атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы келісімге қол қойдық. Үндістан атом электр стансалары арқылы электр қуатын өндіруді бес есеге арттыруды көздеп отыр. 2014 жылға қарай Қазақстан Үндістанға 2 мың тоннадан астам уран тасымалдайтын болады. Оны содан кейін өңдеу туралы келісімге қол жеткізілді – бұл өте маңызды, біз оны қолдауға дайынбыз, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мұнайгаз саласындағы ынтымақтастық туралы бастама сапардың маңызды қорытындысы болды.

-Біз Каспий қайраңындағы мұнай бөлігін бірлесіп игеру жөнінде келісім-шартқа қол қойдық. Біз ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау саласындағы жұмыстар, аталған перспективалық салалардағы екіжақты өзара іс-қимылды белсенді жүргізу туралы келісім жасастық. Қазіргі кезде Алматы облысы, Қапшағайдағы ірі фармацевтикалық фабриканың құрылысы басталды. Бұл жұмыс жалғасын табатын болады. Бізде тоқыма өнеркәсібі, медицина, Алматы мен біздің Халықаралық университеттегі IT-парктерінде жоғары технология бойынша ынтымақтастықтың жақсы перспективалары бар. Біз бұл туралы келісім жасастық. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму жөніндегі бағдарламаға үнділік компаниялардың қатысуы үшін үлкен перспективалар бар, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Бірлескен бизнес-форумдар өткізу жөнінде келісімдерге қол жеткізілді. Үнді компанияларының шикізат емес салаларға қатысу мәселесі келіссөздің аса маңызды тармақтары болды.

-Біздің сауда-саттығымызды көлік дәлізінің мәселесі қиындатып тұр. Тасымалдаудың қиын жағдайында өзара тиімді инвестицияларды дамыту – дұрыс қадам. Осы жылы біз елдеріміздің тікелей сауда-саттығы үшін үлкен мүмкіндіктер беретін Қазақстан – Түркіменстан – Иран – Парсы шығанағы жолының өзімізге қатысты бөлігін салуды аяқтаймыз, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, БҰҰ, ШЫҰ, АӨСШК және өзге де аймақтық халықаралық құрылымдар желісі бойынша өзара іс-қимылдар дамуда. Қазақстан мен Үндістан өтіп жатқан оқиғалар бойынша бірдей пікірлерге ие. Аймақтағы саяси ахуал мәселесі де талқыланды.

-Бізге жақын аумақтар – Ауғанстан мен Солтүстік Африкадағы оқиғалар біздің елдеріміздің жағдайына ықпал етпей қоймайды. Жалпы, мен екі тараптың да сауда-саттықпен бірге адами, мәдени өзара қатынастарымыздың одан әрі тығыз дамуына негіз қалайтын өте табысты келіссөздердің жүргізілгеніне қанағаттанғанын айта аламын, – деп атап өтті Президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх өз сапарының қортындысын табысты болды деп атады.

– Мен Қазақстан халқының тамаша өркендеуін, сіздердің елдеріңіздің бай мәдениетін және халықтың жарқын болашақ құруға деген батыл ұмтылысын көрдім. Қазақстан – бүкіл Орталық Азияның дамуында маңызды рөл атқаратын әлеуеті зор мемлекет. Біздің арамызда өте жемісті келіссөз жүрді, біз екіжақты мүдделердің барлық саласын талқыладық. Бізде барлық мәселелер бойынша толық келісім бар. Біз саяси өзара түсіністіктің жоғары деңгейіне қол жеткіздік. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылы Үндістанға сапары айтулы оқиға болды. Біздің стратегиялық әріптестігіміз осыдан басталды және менің бүгінгі сапарым барсында негізгі келісімдерге қол қоюға мүмкіндіктер туды. Халықтарымыздың арасында және кәсіпкерлер мен компаниялар арасында, соның ішінде бірлескен кәсіпорындар құру жолымен, бұдан да тиімді қарым-қатынас орнатуымыз керек. Сонымен қатар, біз Қазақстан, Ресей және Беларусь арасында құрылған Кеден одағымен бірлесе жұмыс істеуге мүдделі екенімізді атап өту қажет. Бүгінгі сапарыма менің көңілім толды. Мен Қазақстан Президентін Үндістанға шақырдым және әлемдегі ұлы көшбасшыны әрі Үндістанның досын тағатсыздана күтемін, – деді Үндістан Премьер-Министрі Манмохан Сингх.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар