Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

10 қыркүйек 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бүгін жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына келді.
big-02.jpg

Ақтауда Елбасы «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясы облыстық филиалының жаңа ғимаратында болды. Аталған филиал жалпы саны 24176 адамды құрайтын 310 бастапқы партиялық ұйымдарды біріктіреді.

Сол күні Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазАзот» ЖШС-нің аммиакті-карбонид кешені құрылысының іргетасын қалаудың салтанатты рәсіміне қатысты. Президент Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігі жаңа технологияларға негізделген экспорттауға бағытталған индустрияны қалыстастырумен тікелей байланысты екенін атап өтті.

Маңғыстауда жалпы құны 1,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын аммиакты-карбонид кешенін салу – бәсекеге қабілетті индустрияны дәйекті дамытудың тағы бір айқын дәлелі.

Жобаны жүзеге асыруға аммиак, карбамид технологиялары өндірісі жөніндегі әлемдегі озық компаниялар тартылған. Бұлар – даниялық «Хальдор Топсе ЛТД», италяндық «Снапрожети» компаниялары. Жобаның бас мердігері - әлемге әйгілі жапондық «Мицубиси» компаниясы.

Қазақстан аталған кешенді іске қосу арқылы әлемдік минералдық тыңайтқыштар рыногына батыл кіріге алады.

Бүгін сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен жаңа «Каспиан Сталь» ЖШС металлургиялық зауыты іске қосылды.

Кәсіпорынның құрылысы 2005 жылдың желтоқсан айында басталған. Жобаның жалпы құны 50 миллион доллар. Жоба кәсіпорынның өз қаржысы есебінен және екінші деңгейдегі банктердің несиелері арқылы қаржыландырылған. Жобаның қуатылығы – 300 мың тонна метал өнімдері.

Жаңа кәсіпорын ұжымының алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан әлемдік деңгейдегі үлкен көмірсутегі ресурстарға ие екенін еске салды. Алайда бұл қазба байлық қорының орны толмайды.

- Сондықтан да, біздің басты міндетіміз – экономикамыздың басқа да секторларын серпінді дамыту және мұнайдан түскен табысқа жалтақтаусыз өмір сүруге үйрену. Осы мәселелерді шешу мақсатында мен елдің Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын бекіттім, оны жүзеге асыру шикізаттық тәуелділіктен арылуға және жоғары технологиялық индустрияны құруға мүмкіндік береді, - деді Қазақстан басшысы.

Президент 18 тамызда өткен сайлауда Маңғыстау облысы сайлаушыларының 97 пайызы «Нұр Отан» партиясын қолдап дауыс бергенін атап өтті. Мемлекет басшысы партияға көрсеткен қолдауы үшін маңғыстаулықтарға өз ризашылығын білдірді және партия берген барлық уәделердің орындаларына сендірді.

Бүгінде Қазақстанда Ұлттық өмір сүру сапасы стандарттарының негізі қаланып, экономикалық табыстар халықтың әл-ауқатының тұрақты өсуіне ықпал етіп отыр. Жүйелі түрде халықтың зейнетақысы, еңбекақысы мен жәрдемақысының көлемі көтеріліп келеді. Жыл сайын артып отырған азаматтардың табыстары өмірдің сапасын жақсартып қана қоймай, сондай-ақ болашаққа батыл жоспарлар құруға мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ Қазақстанның Индустриалдық-инновациялық даму стратегиясын жүзеге асыру аясында «Ақтау теңіз айлағы» арнайы экономикалық аймағының аумағында бір мезгілде 9 жаңа кәсіпорынның және көлік-логистикалық орталығының құрылысы басталды.

Зауыт құрылысының іргетасын қалау рәсімінде Мемлекет басшысы бүгін тек бір өндірістік кәсіпорынның іргетасына ғана емес, бүтін бір Индустриалдық қаланың іргетасына алғашқы қада қағылғанын атап өтті. Кәсіпорынның іске қосылуымен 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар