Жаңалықтар

26 сәуір 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Бүкіләлемдік туристік ұйымның Бас хатшысы Франческо Франжиаллиді және Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұханбетовты қабылдады.

- Қазақстан Президентімен кездесу мен үшін үлкен құрмет. Мен мұнда Алматыда 34 елдің өкілдері қатысып жатқан Бүкіләлемдік туристік ұйым комиссиясының мәжілісіне қатысуға келдім. Мен Президентті дүниежүзіндегі туризм индустриясының жағдайы жөнінде хабардар еттім және біраз жылдардан бері қалыптасқан қиындықтардан кейін аталған индустрияда өрлеу байқалуда екенін айттым. Президент туризмнің тиімді әрі пайдалы кәсіпкерлік саласы екеніне маңыз берді. Мұны былайша түсіндіруге болады. Өткен жылы бүкіл әлем бойынша 800 миллион адам саяхаттап, 500 миллиард доллар шамасында шығын жұмсады. Қазақстан да туристік бизнесті дамыту арқылы пайда табуы тиіс. Ол үшін туризмді дамытудың ұлттық стратегиясы мен бағдарламасын әзірлеуі керек. Біз осыған, әсіресе Қазақстанда дербес Туризм және спорт министрлігі құрылғанын ескере отырып жан-жақты қолдау көрсетуге уәде бердік, - деді Франческо Франжиалли журналистерге арналған брифингте.

 
Бүкіләлемдік туристік ұйым 1925 жылы Ресми туристік ұйымдардың халықаралық конгресі ретінде құрылған болатын. Кейінірек Бүкіләлемдік туристік ұйым ретінде атауы өзгертілді. 2003 жылы ұйым БҰҰ-ның мамандандырылған мекемесі мәртебесіне ие болды. Ұйымның штаб-пәтері Мадридте орналасқан. Қазақстан Республикасы 1993 жылдан бері БТҰ-ға мүше.

 
Туризм және спорт министрлігі 2006 жылғы наурызда құрылды. Оны Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі бапкер, халықаралық деңгейдегі спорт шебері Темірхан Досмұханбетов басқарады.

 
Қазақстан Республикасы туризмді дамытуда үлкен әлеуетке ие. Сан-алуан географиялық ландшафт пен көркем де бай флора мен фауна және бірегей ұлттық мәдениет біздің елімізде туризм индустриясын табысты түрде дамытуға алғышарттар туғызады, деп есептейді сарапшылар.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар