Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

4 наурыз 2009
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел Үкіметі және өңірлері басшылығында бірқатар кадрлық тағайындаулар жасады.

Үкімет басшылығында жаңа лауазым – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары қызметі пайда болды. Оған Президент Жарлығымен Ө.Шөкеев тағайындалды.


- Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасын жүзеге асыру Қазақстан экономикасының барлық салаларын «қолмен басқаруға» көшіруді көздейді. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев шұғыл мәселелерді, өңірлердің проблемаларын шешуге, инновациялық-индустриялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруға, тұрғын үй құрылысы мен агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік ететін болады, - деп атап өтті Мемлекет басшысы.


Премьер-Министрдің орынбасары лауазымына бұған дейін Көлік және коммуникация министрі қызметін атқарған Серік Ахметов тағайындалды. Ол көлікке, коммуникацияларға, шетелдік компаниялармен бірлескен жобалардағы қазақстандық үлесті арттыру мәселелеріне, шағын және орта бизнесті дамытуға жетекшілік етеді.


Үкіметтегі қаржы-экономикалық блок мәселелерімен Премьер-Министрдің өзі айналысады. Оның орынбасары Е.Орынбаев макрэкономикаға және әлеуметтік блокқа жетекшілік етеді.

Үкімет басшыларына жергілікті жерлерде жиі болу, экономиканың және халықтың проблемаларын әкімдермен бірлесіп шешу міндеті қойылды.


Мемлекет басшысы сондай-ақ министрліктердегі және өңірлердегі кадрлық тағайындаулар туралы хабарлады.


Қоршаған ортаны қорғау министрі Н.Ысқақов өзін қызметінен босату туралы өтініш берді. Бұл қаржы полициясының оның екі орынбасарына қатысты тергеу амалдарын жүргізуіне байланысты болып отыр.


- Мен оның өтінішін қабылдадым, - деді Президент.


Қоршаған ортаны қорғау министрі болып бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметін атқарған Н.Әшімов тағайындалды. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып бүгінгі тағайындауға дейін «Оңтүстік» ӘКК Басқармасының төрағасы қызметін атқарған Асқар Мырзахметов тағайындалды.


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып бұған дейін Президенттің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы қызметін атқарған Г.Әбдіқалықова тағайындалды.


Ол Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалған Б.Сапарбаевты ауыстырды.


- Мен бұл аймаққа Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарын басқарған, қолынан іс келетінін дәлелдеген тәжірибелі адамды жіберіп отырмын, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.


Облыстың бұрынғы басшысы Ә.Бергенов өзіне жүктелген міндеттерді атқара алмаған адам ретінде жұмыстан шеттетілді.


Президент жоғары лауазымдарға жаңадан тағайындалған адамдардың оларға жүктелген міндеттерді атқаратындарына және оның сенімін ақтайтындарына сенім білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар