Жаңалықтар

19 сәуір 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің қаржы жүйесіне қатысты кеңес өткізді. Кеңесте Ұлттық банктің, Қаржы рыногын реттеу және қадағалау агенттігінің еліміздегі қаржы жүйесінің жағдайы мен оның тұрақтылығын нығайту шаралары туралы есептері тыңдалды.
13.jpg

Кеңеске Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Кәрім Мәсімов, қаржы, экономика және бюджеттік жоспарлау министрліктерінің, Ұлттық банк және Қаржы рыногын реттеу және қадағалау агенттігінің басшылары қатысты.

 

- Кеше мен ағымдағы жылдың бюджетін, оған жылдың ортасында енгізілуі мүмкін өзгерістерді қарастырып, мемлекеттік бюджет шығынын төмендету мәселелеріне назар аудардым. Біз қарастыруға тиіс ең маңызды мәселердің бірі - еліміздегі инфляция проблемасы болып табылады. Жолдауда көрсетілген тапсырмаларға сәйкес халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты мәселелер шешілуде. Дегенмен, бір мезгілде ақша түсімінің молаюы, ақша айналымының артуы және инвестицияның көбеюі салдарынан инфляция алаңдаушылық тудыруда. Барлық аталған мәселелерді есептерді тыңдау барысында қарастырайық, - деді Президент кеңестің ашылуында.

 
Кеңесте Ұлттық банктің төрағасы Әнуар Сәйденов және Қаржы рыногын реттеу және қадағалау агенттігінің төрағасы Арман Дунаев баяндама жасады.

 
Мемлекет басшысы инфляцияның төменгі деңгейін ұстап тұру қажеттігіне аса назар аударды және Ұлттық банк пен Үкіметке инфляцияға қарсы тиімді шаралар жүргізу жөніндегі жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Инфляцияға қарсы саясат жүргізуде тұтынушылық бағалармен қатар тұтастай алғанда экономикаға және бағаның өсіміне әсер ететін факторлар ескерілуі тиіс.

 

Елдің сыртқы жалпы қарызының өсу мәселесін жан-жақты талқылаған Мемлекет басшысы Қаржы рыногын реттеу және қадағалау агенттігіне Ұлттық банкпен бірлесіп тартылған сыртқы қарыздарға қатысты банктердің қарыздарын өтеу талаптарын күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдауды тапсырды.

 

- Тұтастай алғанда, Үкіметке Ұлттық банкпен және Агенттікпен бірлесіп мемлекеттік қарыздарды және сыртқы жиынтық қарыздарды басқару жөніндегі біртұтас жүйе тұжырымдамасын әзірлеу қажет, - деп атап көрсетті Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Сондай-ақ Президент бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру, БСҰ-ға кіру шаралары жөніндегі стратегиялық міндеттерді ескере отырып қаржы секторының басымдықтарын айқындады.

 
- Ұлттық банкке Қаржы рыногын реттеу агенттігімен және Үкіметпен бірлесе отырып орта мерзімдік кезеңге арналған Қаржы секторын дамытудың кешенді тұжырымдамасын әзірлеуге кірісу қажет, - деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

 
Президент Кеңесте айтылған барлық бағыттар жөніндегі жұмыстарды үйлестіру мен басшылық жасауды Премьер-Министрдің орынбасары Кәрім Мәсімовке жүктеді.

 
- Осы аталған барлық дерлік мәселелерді біз Экономикалық саясат жөніндегі кеңесте талқылап, тиісті шешімге келдік. Сіз мақұлдағаннан кейін біз оларды орындауға кірісетін боламыз, - деді Кәрім Мәсімов. Сондай-ақ ол ел ішіндегі қаржы көлемін сақтандыру мен қаржы құралдарын дамыту мәселелеріне қатысты бірқатар шараларды ұсынды.

 

Мемлекет басшысының кеңесте сөйлеген сөзінің толық мәтінін қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар