Жаңалықтар

7 маусым 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Интернет-конференция өткізіп, оның барысында жаһандық желіні пайдалушылардың сұрақтарына жауап берді.

Елбасының жаһандық желі арқылы нақты уақыт режимінде қазақстандықтармен жасаған диалогы бірінші рет өткізіліп отыр және екі сағаттан астам уақытқа жалғасты. Нұрсұлтан Назарбаев Интернет-аудиторияның дауыс беруі нәтижесінде ең таңдаулы отыздыққа енген сауалдарға, сондай-ақ Интернет-конференция сайтының поштасынан іріктеліп алынған өзекті сұрақтарға жауап берді.


Конференцияға орай арнайы ашылған веб-порталға 5195 сұрақ келіп түсті. Өзіне тартымды сұраққа дауыс беру мүмкіндігі 169761 рет қолданылған.


Тақырыптар бойынша сауалдардың көп бөлігін білім және ғылым (924), тұрғын үй саясаты (514), жеке сипаттағы сұрақтар (349) және «басқа да сұрақтар» (234) құрады. Интернетті пайдаланушыларды сондай-ақ көлік және коммуникациялар (173), зейнетақымен қамтамасыз ету (135), денсаулық сақтау (127), жастар (115) және тіл (114) саясатына қатысты сұрақтар қызықтырған.


Жаһандық желі арқылы өткен конференцияға жас мөлшеріне қарай 16 мен 25 жас аралығындағы азаматтар (1197 сұрақ), ал әлеуметтік мәртебесі бойынша – мемлекеттік қызметкерлер (1131 сұрақ) белсене қатысты.


Ең көп сауалдарды Алматы (697), Астана (671) қалаларының және Қостанай облысының (640) тұрғындары жолдаған.


- Нақты уақыт режиміндегі трансляция аясында барлық сұрақтарға жауап беру мүмкін болмады, алайда бірде-бір сауал ескерусіз қалмайды. Қалған сауалдарға 30 күннің ішінде жауап әзірленеді. Интернетті пайдаланушылар олардың жауаптарымен электрондық үкіметтің және менің ресми сайтым арқылы таныса алады, - деді Мемлекет басшысы Интернет-конференцияны қорытындылай келе.


Мемлекет басшысының Интернет-конференцияға қатысушылардың сұрақтарына берген жауаптарын мына жерден қараңыз.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар