Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

26 наурыз 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2030» стратегиясының қабылданғанына 10 жыл толуына арналған Маңғыстау облысы инвестициялық жобаларының тұсаукесеріне қатысты.

 

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен инвестициялық жобалардың таныстырылымында Елбасы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қызметімен, оларды дамыту келешегімен, сондай-ақ жаңа инвестициялық және қала құрылысы жобаларымен танысты.

Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев хабарлағандай, қазіргі уақытта Арнайы экономикалық аймақ аумағында «Ақтау шыны талшықты құбырлар зауыты» ЖШС, «НефтеГазТруба» АҚ түрлі мұнай құбырларын өндіру зауыты, «Keppel Kazakhstan» ЖШС кеме жасау зауыты табысты жұмыс істеп келеді. Аталған кәсіпорындарды дамытуға 82 миллион доллардан астам инвестиция салынып, онда мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылы ақпанда Президент қол қойған Жарлыққа сәйкес «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағының аумағын алты есеге кеңейту жоспарланып отыр.

Тұсаукесер рәсімінде сондай-ақ өңірдің транзиттік әлеуетін іске асыруға бағытталған, атап айтқанда теңіз, әуе және темір жол инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жобалар көрсетілді. Осы мақсатта облыста «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдасқан инвестициялық жобасын іске асыру басталған. Осы жобаның аясында арнайы экономикалық аймақ аумағында теңіз портын, әуежай, автомобиль және темір жолдарды, «Aktau Industries» өндіріс орталығын, Каспий қайраңының инфрақұрылымын игеру жөніндегі орталықты, жүк терминалы бар жаңа халықаралық әуежайды қамтитын мультимодальдық көліктік-логистикалық орталығын құру жоспарланған.

Мемлекет басшысының назарына көліктік-логистикалық орталық құрылысы, «Кендірлі» демалыс аймағы, «Ақтау Сити» іскерлік қаласы, Каспий технологиялық университеті, Ақтау қаласының жаңа ықшам аудандары құрылысы жобаларының макеттері ұсынылды.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар