Жаңалықтар

25 қазан 2011
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасындағы жаңадан тағайындалған бірқатар шетел елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады.

Президентке Сенім грамоталарын Бразилияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Освальдо Биато Жуниор, Америка Құрама Штаттарының Төтенше және Өкілетті Елшісі Кеннет Фэйрфакс, Германия Федеративтік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Гидо Герц тапсырды.

Мемлекет басшысы рәсім кезінде сөйлеген сөзінде жаңадан тағайындалған елшілердің Қазақстанға тарихи маңызды кезең – ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында келіп отырғанын атап өтті. Осы жылдары тәуелсіз Қазақстанның тарихында ірі оқиғалар болып өтті. Қазақстан әлемдік қауымдастықтың тең құқылы, сенімді әріптесіне айналды.  Еліміздің жалпы ішкі өнімнің мөлшері 14 есе өсті. 2016 жылға қарай еліміз табысының деңгейі жоғары мемлекеттер қатарына қосылуды көздеп отыр. Таяуда Семей полигонының жабылуы мен ядролық қарудан бас тартқанымызға 20 жыл толғаны атап өтілді.

Президент Қазақстан түрлі этнос пен конфессия өкілдерін біріктіруші мемлекет ретінде белгілі екенін атап өтті. Дүниежүзілік қауымдастықпен бірге діни саладағы шетін мәселелерге асқан байыптылықпен көңіл бөлуіміз керек.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың деңгейі жоғары екенін атап көрсетті. АҚШ Қазақстан тәуелсіздігін алғаш мойындаған мемлекеттердің бірі болды, ол еліміздің қауіпсіздігіне кепілдік берді. Биыл желтоқсан айында АҚШ пен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланыстың орнағанына 20 жыл толуы атап өтілетін болады.

- Біз арамыздағы биік деңгейдегі сенімді әріптестік диалог пен үкіметаралық қарым-қатынастарды жоғары бағалаймыз. Біздің ықпалдастығымыз барлық бағыттар бойынша дамып келеді. Саясат, экономика, қауіпсіздік, қорғаныс, конверсия, сауда мен инвестиция, ауыл шаруашылығы, әлеуметтік салаларында ынтамақтастық кеңею үстінде, - деп атап өтті Президент.

Мемлекет-жекеменшік экономикалық әріптестігіне қатысты ортақ бастамалар мен 2012 жылға дейінгі қазақстандық-америкалық Экономикалық даму бағдарламасы табысты іске асуда. Бірқатар көкейкесті халықаралық және өңірлік мәселелерде өзара ортақ мүдделеріміз бен күш-жігеріміз тоғысады. Олар – ядролық қарусыздандыру мен  таратпау, Ауғанстанды қалпына келтіру, Орталық Азиядағы тұрақтылықты сақтау, қызметкерлер құрамы мен әскери емес жүктер транзиті бойынша ынтымақтастық сияқты маңызды мәселелер.

Нұрсұлтан Назарбаев Германия Федеративтік Республикасы Қазақстанның Еуропалық Одақтағы жетекші экономикалық әріптесінің бірі болып табылатынын атап өтті. Соңғы жылдары екі елдің өзара тауар айналымының көлемі 4 есе өсіп, 2010 жылы 3,5 миллиард доллардан асты.

Федералдық Канцлер Ангела Меркельдің Астанаға былтырғы жылғы сапары іскерлік байланыстардың дамуына жаңаша серпін беруді қамтамасыз етудегі маңызы ерекше. Қазақстан-Германия қарым-қатынастарында экономикалық, инвестициялық ынтымақтастық, шикізаттық емес саладағы іскерлік жобаларды жүзеге асыру алдыңғы орынға шығады. Қазақстан Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыру, озық технологияларды енгізу, бірлескен өндірістер ашу ісіне германиялық компаниялардың қатысуына мүдделі. Өткен жылы Қазақстандағы Германия жылы табысты өтті. Ол мәдени байланыстарды тереңдетуге, Қазақстандағы неміс қоғамы мен ГФР-да тұратын қазақстандық немістер арасындағы байланыстарды нығайтуға зор үлес қосты.

Президент Германия халқын 3 қазанда атап өтілген ГФР бірлігі күнімен құттықтап, мол игілік пен өркендеу тіледі.

Мемлекет басшысы Қазақстан Бразилия Федеративтік Республикасын Латын Америкасындағы маңызды әрі болашағы мол әрiптесі ретінде қарастырады.  Екі елдің тұрақты экономикалық дамуы екіжақты ынтымақтастық әлеуетін толық іске асыру үшін барлық мүмкіндіктерді қамтамасыз ете алады. Саяси тұрғыдан да өзара ықпалдастықты арттыруға барлық жағдай жасалған. Жоғары деңгейде өзара сенімді диалог орнаған. Парламентаралық байланыстар даму үстінде. Қазақстан Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан-Бразилия» ынтымақтастық тобы құрылды. Бразилияда ашылуы жоспарланған Қазақстан елшілігі өзара ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға қызмет ететін болады. Президент сауда айналымының мөлшері әзірше екі елдің экономикалық әлеуетіне сәйкес келмейтінін атап өтті. Іскерлік байланыстар қарқынын арттыру үшін үкіметаралық деңгейдегі жұмыстарды күшейту қажет. Қазақстан Бразилиямен инновация, ауыл шаруашылығы, көлік, авиация, туризм индустриясын дамыту мен спорт салаларында ынтымақтастықты дамытуға мүдделі. Қазақстан футболды дамыту мәселесі бойынша Бразилиямен арадағы ынтымақтастықты жоғары бағалайды.

Мемлекет басшысы Төтенше және Өкілетті Елшілерді Астанада жауапты дипломатиялық жұмыстарының басталуымен құттықтады.

Өз кезегінде жаңадан тағайындалған елшілер Нұрсұлтан Назарбаевқа ыстық ықыласы үшін алғыстарын айтып, өз елдерінің Қазақстанмен ынтымақтастығын одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерлерін салатындықтарына сенім білдірді.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар