Бөлімдер санаты

Жаңалықтар

6 қараша 2006
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға екі күндік ресми сапармен келген Армения Республикасының Президенті Роберт Кочарянмен кездесті.
26.jpg

Шағын және кеңейтілген құрамдағы келіссөздер кезінде екі ел басшылары екіжақты сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін, сондай-ақ өңірлік және жаһандық саясаттың өзекті мәселелерін талқылады. Мемлекет басшылары Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын реформалау, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымын дамыту, көптараптық ықпалдастық үдерістері, әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайту мәселелерін талқылады.

 
- Армения сияқты Қазақстан да біздің ынтымақтастығымызды нығайтуға және өзара тиімді сауда-саттығымызды дамытуға мүдделі. Қазақстан мен Арменияның өңірдегі, ТМД-дағы  жағдайға көзқарасы негізінен бір-біріне сәйкес келеді. Сондықтан да, біз өзара іс-қимылымызды кеңейтуге кедергі келтіретін ешқандай да проблема жоқ деп айта аламыз. Екі ел басшыларының бір-біріне барған соңғы сапарынан бері бес жыл өтті. Осы аз ғана уақыттың ішінде біздің мемлекеттерімізде айтарлықтай оң өзгерістер жасалды, салмақты, өзара бірін-бірі толықтыратын тәжірибе жинақталды. Осыларды ескере отырып, мен жуырда Қазақстан Республикасының Армения Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісін тағайындадым. Бұл біздің еліміздің сіздің елге деген мүддесін білдіреді және екіжақты ынтымақтастықты жандандыра түсуге жәрдемдесетін болады, - деді Қазақстан басшысы кеңейтілген құрамдағы келіссөздерді ашу кезінде.

 
- Осы өңірде, Орталық Азияда экономикасының көлемі жағынан да, реформалары мен экономикалық саясатының тиімділігі жағынан да көшбасшылық орынға ие елмен бірлесіп жұмыс істеу біздің де қызығушылығымызды тудырады. Біз де Оңтүстік Кавказда осындай орындарды иеленуге тырысамыз. Сондықтан да реформалардың тап осындай бағыттылығы және Қазақстан мен Арменияда жасалып жатқан істердің бір-біріне үйлесімділігі біздің елдеріміздің бизнес құрылымдары арасындағы іскерлік ынтымақтастыққа жақсы негіз болып табылады. Біз қазақстандық іскер топтардың инвестициялық белсенділігін жіті қадағалап отырмыз және өңірімізге қазақ бизнесінің келуін қуана құптаймыз. Сондықтан да біз әрине, осы сапарымыз қазақстандық бизнесмендердің Армениядағы инвестициялық қызметінің жандана түсуіне себепкер болғанын қалар едік, - деп атап өтті Роберт Кочарян.

 
Келіссөздердің қорытындысы бойынша екі мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасы Үкіметінің арасында азаматтарды өзара жол жүруі туралы; халықаралық автомобиль қатынасы туралы; инвестицияларды көтермелеу мен өзара қорғау туралы; мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімдерге және Табыс пен мүлік салықтарына қатысты қосарлы салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу туралы конфенцияға қол қойылды.

 
Екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі аяқталғаннан кейін Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Армения Республикасының Президенті Роберт Кочарян бірлескен баспасөз мәслихатын өткізді.

 
- Армения Президентінің Астанаға осы жолғы сапары біздің екіжақты қарым-қатынастарымыз тарихының жаңа беттерін ашып отыр. Шағын құрамдағы келіссөздер кезінде біз ең бастысы, екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқыладық. Өкінішке қарай, қазіргі кездегі тауар айналымының деңгейі екі елді де қанағаттандырмай отыр. Мұның себептері көп, оның ішінде біз бүгін қол қойған бірқатар маңызды келісімдерге бұрын қол қойылмауын атауға болады. Шетелдерге салынған қазақстандық қаржының жалпы көлемі 18 миллиардқа жуық долларды құрады, оның ішінде Армения экономикасына салынған инвестициялар көлемі 30 миллион долларды құрап отыр. Қазақстандық статистика органдарының деректері бойынша Қазақстан мен Армения арасындағы сауда айналымы 2006 жылдың сегіз айында 16,4 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткіш біздің елдеріміздің әлеуетіне сәйкес келмейді. Бүгін қол қойылған құжаттар біздің компанияларымыздың одан әрі өзара іс-қимылына құқықтық негіз болады. Біздің кездесуіміздің қарсаңында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Армян комиссиясының екінші отырысы болып өтті. Онда тараптар көптеген мәселелер бойынша уағдаластықтарға қол жеткізді. Біздің елдеріміз арасындағы мәдени және ғылыми алмасулар да назардан тыс қалған жоқ. Соңғы жылдары экономикалық өсім 11-12 пайызды құрап отыр. Жаңа технологиялар дамып келеді. Бізде тәжірибе алмасу үшін зор мүмкіндіктер бар, - деді Нұрсұлтан Назарбаев баспасөз мәслихатында.

 
Қазақстан басшысы сондай-ақ екіжақты мәдени және ғылыми алмасулардың болашағын атап өтті.

   
- «Матенадаран» мәдениетінің ұлы қазынасында армян жазуының озық үлгілерімен қатар армян транскрипциясымен берілген қыпшақ қолжазбалары да сақталған. Бүгінгі күні қазақ халқы өзінің мәдени мұрасын мұқият әрі сенімді түрде зерделеп, зерттеуге, өзінің тарихын тап осындай жазба ескерткіштері арқылы қайта оқуға мүмкіндік алып отыр. Сондықтан да біз қазақстандық ғалымдарға көне қыпшақ қолжазбалары сақталған армян мұрағаттарына қол жеткізуіне мүмкіндік бергені үшін армян тарапына зор ризашылығымызды білдіреміз, - деп атап көрсетті Қазақстан басшысы.

 
- Біздің қарым-қатынасымыздың оң серпінін, саяси диалогтың биік деңгейін атап өткім келеді. Біз сондай-ақ халықаралық ұйымдар шеңберінде де белсенді өзара іс-қимыл жасап отырмыз. Бүгін біз аса маңызды келісімдерге қол қойдық. Олар біздің елдеріміздің бизнес құрылымдары ынтымақтастығының жандануына жәрдемдеседі деп сенемін. Қазақстан бизнесі соңғы уақытта Арменияға жіті назар аудара бастады. Біз осы елдің Грузияға инвестициялық жағынан қатысуын қолдаймыз, сондай-ақ оның Арменияда да жалғасатынына сенім білдіреміз, - деді Роберт Кочарян баспасөз мәслихатында.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар