Жаңалықтар

30 қараша 2007
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «ҚазМұнайГаз» ҰК» акционерлік қоғамының президенті Ұзақбай Қарабалинді қабылдады.

Ұзақбай Қарабалин Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлттық мұнай-газ компаниясының осы жылдың он айында атқарған жұмысының қорытындылары жөнінде және компанияның 2007 жылғы қызметінің нәтижесінде күтілетін қаржы-экономикалық көрсеткіштер туралы баяндады.


Ұлттық компания басшысы Елбасын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның жаңа активтері, оның ішінде румындық «"Rompetrol Group TRG"» компаниясының 75 пайыздық акциялар пакеті жөнінде хабардар етті. ("Rompetrol Group TRG" компаниясын сатып алу қазақстандық компанияға Еуропаның алты еліндегі 630 жанармай бекеттерін және Румыния аумағындағы екі мұнай өңдеу зауытын иеленуге мүмкіндік берді).


Әңгіме барысында Қазақстанның көмірсутектерін әлемдік рынокқа тасымалдау жүйесін дамыту мәселелері және ұлттық компанияны дамытудың болашағы, сондай-ақ Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде жүзеге асырылатын жаңа жобалар талқыланды.


Кездесуде талқыланған маңызды тақырып – компанияның Қазақстан мұнай-газ секторындағы бүгінгі күнгі болашағы зор бағыт болып табылатын Каспий теңізі қайраңындағы қызметі болды.


- Мен бүгін Президентке баян еткен жағымды жаңалық – бұл «Жемчужный» учаскесіндегі мұнай кен орнының табылуы. Бұл Каспий теңізіндегі қазақстандық сектордың зор әлеуетін айқындай түседі. Біздің ойымызша, бұл теңіз жобаларын дамытуға нақты серпін береді және жаңа инвестициялар тартуға мүмкіндік туғызады, - деді Ұ.Қарабалин журналистерге арналған брифингте.


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар